ПОДЕЛИТЬСЯ
15 сәуір 2021 | 18:25
Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында ел дамуының жаңартылған болжамы және республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Отырысқа Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқалар қатысты.
Отырыс барысында Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты болжамдарын және әлемдік экономикадағы ахуалды, тауар нарығындағы үрдістерді ескере отырып, осы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарын, сондай-ақ, биылғы І тоқсанның алдын ала қорытындыларын ұсынды. Атап айтқанда биыл ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі бекітілген көрсеткіштен 0,3 пайызға артып, 3,1 пайыз деңгейде болады деп болжанып отыр. Инфляция деңгейі 4-6 пайыз аралығында сақталып отыр.
Бюджетті нақтылаудың негізгі міндеті - Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау және Nur Otan партиясының сайлауалды платформасын жүзеге асыру. Осыған байланысты бюджеттің кірісінде де, шығысында да өсім болады деп күтілуде.
Автомобиль жолдарын дамытуға, "Ауыл - ел бесігі" жобасын одан әрі іске асыруға, экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға, "Жұмыспен қамтудың жол картасын" жүзеге асыруға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосымша қаражат бөлінетін болады.
Пандемиямен күреске бөлінетін қосымша қаржы дәрігерлерге үстемеақы және медициналық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, су тасқынына қарсы іс-шараларға, сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерінің құрылысы мен оларды жаңғыртуға қаржы бөлу жоспарланған.
Фото: Ақорда
Жиын қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет шығындарын оңтайландырып, кірісін арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, инфрақұрылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ, Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также