01 ақпан 2022 | 15:42

Тоқаев ауыл шаруашылығындағы жемқорлық туралы: АШМ мен әкімдер жауапты болуы тиіс

Жансая Қадыржанова Корреспондент
Фото:akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін айтты. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. 

Президент кейінгі жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударды. Сот сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды немесе лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шара жүзеге асырылғаны айтылды.

Реклама
Реклама

"Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылады. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келіп жатыр", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат - сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам құру.

Мемлекет басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге жіберіп отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек кейінгі жылдары осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

"Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын айтуға болады. Кейінгі бес жылда мемлекет шаруашылықты қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде бұл салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батып жатыр  Соның кесірінен мемлекет көп зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Соның ішінде жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жемшөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек", - деді Президент.  

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная