Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағына конституциялық міндеті екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Бүгін Ақордада Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттің әлеуметтік міндеттері туралы айтты.
"Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады", - деді Президент.
Бұл міндет табысты орындалып жатыр, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Былтыр тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды (шамамен 18 миллиард доллар).
"Бұл – өте қомақты сома", - дейді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді.
"Тегін медициналық қызметтерді қамтитын әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ. Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет. Мұны мемлекеттің нақты жетістігі ретінде атап айтқан жөн".
Сондай-ақ Президент әйелдер дүниеге перзент әкелгеннен кейін қандай жеңілдіктерге ие болатынын еске салды.
"Жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығады, тиісті төлемдер алады. Жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отыр. Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ", - деді Президент.
"Инновацияларды қарқынды түрде игеру, ем-дом шараларының жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау арқылы еліміз медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!