15 желтоқсан 2021 | 16:18

Тоқаев: Біздің мемлекеттілік тарихымыз мыңжылдықтардан бастау алады

Дина Шарипханова Корреспондент
Қасым Жомарт-Тоқаев. Видео кадры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Егемендік - елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал, қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл - ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!" - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида еткенін айтты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасқанын қоса айтты.

Реклама
Реклама

"Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті.

Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі. Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді", - деді ол.

Оның айтуынша, Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем, деді Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде.

"Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті. Біздің мемлекеттілік тарихымыз мыңжылдықтардан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халық егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінетінін айтты. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді, деді ол.

"Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүниежүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық", - деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып отыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная