Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкі басшысын қабылдады

Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкі басшысын қабылдады Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында өткен кездесуде Қазақстан мен қаржы институтының таяу жылдардағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Президент еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін ЕҚДБ басшылығына ризашылық білдірді.

Жарнама
Жарнама

"Бізді стратегиялық қарым-қатынас байланыстырады. Қазақстан – Банктің негізгі серіктес мемлекеттерінің бірі. Мұндай ынтымақтастық біздің ұзақмерзімді саясатымызға сай. Өзара ықпалдастығымыз көптеген жылдан бері жалғасып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы отыз жылда Банк Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан аса инвестиция құйған. Соның нәтижесінде еліміз ЕҚДБ-ның аймақтағы ірі серіктестерінің біріне айналды.

Бүгінде даму институты Қазақстанда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында Серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылғанын құптады. Оның аясында еліміздің орнықты дамуына үлес қосу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан озық экономика құру мақсатында өршіл реформаларды қолға алды.

Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы стратегиялық мақсаттарды сапалы түрде іске асыруға берік негіз қалайтын жағымды инвестициялық ахуал мен экономикадағы құрылымдық өзгерістерді оң бағалады.

"Біз үшін Қазақстан маңызды елдердің бірі саналады. Биыл инвестициялық белсенділік деңгейі өте жоғары. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Дайындалып жатқан жобалар бар екенін ескерсек, жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 миллиард еуроға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл Қазақстанда жұмыс істегеннен бері қол жеткізген ең жоғары инвестициялық көрсеткішіміз болмақ", – деді ЕҚДБ басшысы.

Одиль Рено-Бассо Қазақстанның инфрақұрылым, көлік байланысы, ирригация және энергетика секторларын дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге әзір екенін растады. Банк жеке секторға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ниетті. Банктің инвестициялық қызметінің басым бағыттарының бірі – аса маңызды шикізат материалдары.

Әңгімелесу барысында цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді. Еуропа қайта құру және даму банкі инновациялық экожүйелердің қалыптасуына қолдау білдірді, сондай-ақ Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясына үлес қосуға дайын.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама