ПОДЕЛИТЬСЯ
05 сәуір 2023 | 17:26
Тоқаев ИИДМ басшысына талаптарын айтты
Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кездесуде министрліктің қызметі және Президент тапсырмаларының орындалу барысы, соның ішінде жолдардың сапасын жақсарту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа кен орындарына жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы туралы есеп берілді. Марат Қарабаевтың айтуынша, заңбұзушылықтарға байланысты қатты пайдалы қазбаларды игеруге берілген 200-ден астам келісімшарт пен лицензия қайтарып алынды.
Министр 800-ден астам жобадан тұратын жаңа индустриялық инвестициялық жобалар топтамасының іске асырылуы туралы да баяндады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына көлік инфрақұрылымының дамуы жөнінде ақпарат берілді. Тиісті тапсырма бойынша Үкімет еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін вагон паркі тапшылығына қатысты мәселе шешіліп жатыр. "Stadler", "Alstom" және "Wabtec" компанияларының қатысуымен отандық зауыттарда вагон мен локомотив өндірісі басталады.
Президенттің 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында халықаралық автомобиль дәліздерін дамыту, соның ішінде республикалық маңызы бар 8 мың шақырым автожол салу және қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтық авиация саласындағы тұрақты өсім туралы да баяндалды. 2022 жылы пандемияға дейінгі көрсеткішке қол жеткізілді, яғни Қазақстан авиакомпаниялары 11 миллионға жуық жолаушы тасымалдады. "Ашық аспан" режимі енгізілді. Ұшу географиясы кеңейіп келеді. 2025 жылға дейін Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағыттарына рейстер ашылады деп жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев орта бизнесті дамыту және шикізат секторына, тау-кен өнеркәсібі мен геологиялық барлау салаларына инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, Президент жол бойындағы, сондай-ақ әлеуметтік, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға ерекше назар аударуды, өндірістегі отандық үлесті арттыру жұмысын күшейтуді және Қала құрылысы кодексін әзірлеуді жеделдетуді талап етті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также