Қазіргі басты мәселе - жоғары инфляция. Ол экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын "жұтып қойып" жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауы барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, қазіргі басты мәселе: жоғары инфляция. Ол экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын "жұтып қойып" жатыр. Оның дайын тұрған шешімі жоқ, бұл – көптеген мемлекет бетпе-бет келіп отырған түйткіл. Мәселе бәріне ортақ болғанмен, ол біздің жағдайда айрықша сезіліп отыр.
"Осы макроэкономикалық құрсаудан шығуымыз керек. Қиындықтар күні кеше ғана пайда болған жоқ. Оны шешу үшін әлемдегі озық тәжірибелерді ескеріп, жұртқа ұнай бермейтін шаралар қабылдауға және оның жауапкершілігін көтеріп алуға дайын болу қажет.
Үкімет пен Ұлттық банк мемлекеттік ауқымдағы міндетті алдына қойған біртұтас команда ретінде жұмыс істеуі керек. Қазір әркім көрпені өзіне қарай тартатын кез емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, 8 қыркүйекте Президент халыққа Жолдау жасап, алдағы жылға арналған елдің "экономикалық және әлеуметтік саясатының маңызды мақсаттары мен міндеттерін" айқындайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!