ПОДЕЛИТЬСЯ
11 маусым 2021 | 14:49
Тоқаев жаңа елшілерден сенім грамоталарын қабылдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Ақорда резиденциясында төрт мемлекеттің жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Жапонияның елшісі Джун Ямада, Үндістанның елшісі Шубдаршини Трипати, сондай-ақ, Камбоджаның Қазақстандағы елшісі міндетін қоса атқарушы Ким Хенг Миэ және Шри-Ланканың Қазақстандағы елшісі міндетін қоса атқарушы Ламаванса Мигахаланде Дураге сенім грамоталарын табыстады.
Мемлекет басшысы елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, олардың еліміздегі аса жауапты қызметтері Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.
"Біздің еліміз егемендігін алған уақыттан бері көпқырлы және халықаралық құқыққа негізделген теңгерімді сыртқы саясатын табысты жүргізіп келеді. Шығыс пен Батыстың ортасында стратегиялық аумақта орналасқан Қазақстан Еуразияға қатысты мәселелерде маңызды рөл атқарады", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломаттарға Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттары, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі қызметі, сондай-ақ, коронавирус пандемиясы мен климаттың өзгеруіне қарсы күресте қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.
"Қазақстан экономикасы жоғары держава саналатын, сондай-ақ, технология, "жасыл" экономиканы дамыту, білім беру және әлеуметтік әділдік салалары бойынша үлгі болып келе жатқан Жапониямен арадағы ықпалдастықты нығайтуға баса мән береді. Былтыр премьер-министр Ёшихидэ Сугамен телефон арқылы сөйлестік. Әңгімеміз жемісті болды. Менің шақыруым бойынша оның Қазақстанға жасайтын сапары жан-жақты серіктестіктің келешек жол картасын қабылдауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанмен арадағы ынтымақтастық туралы айта келе, екі елдің стратегиялық серіктестігіне жоғары баға берді.
"Сіздің еліңіз қарқынды дамып келе жатқан экономикалық орталық әрі маңызды жаһандық мемлекет ретінде қалыптасу жолында орасан зор жетістікке жетті. Премьер-Министр Модимен өте табысты келіссөз жүргіздік. Еліңіздегі және әлемдегі жағдайдың қалыпқа келуіне қарай Нью-Делиге сапармен бару мүмкіндігін тағатсыздана күтемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджамен өзара тығыз ықпалдастықты дамыту Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азия аймағында жүргізіп отырған сыртқы саясатының бір бөлігі екенін айтты.
"Бір белдеу – бір жол" бастамасындағы Қазақстанның атқаратын маңызды рөлі және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы АСЕАН мемлекеттерімен, соның ішінде, Камбоджамен арадағы қарым-қатынасты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді. Осы жылдың соңында өтетін "Азия – Еуропа" форумының 13-саммитіне табыс тілеймін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Шри-Ланка арасындағы ынтымақтастық жөнінде айта келе, теңіздегі және өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін аралдағы мемлекеттің мәні зор екеніне назар аударды.
"Екі ел арасындағы өзара тығыз ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол", – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты шара соңында Президент дипломаттарға табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также