ПОДЕЛИТЬСЯ
16 қараша 2022 | 11:27
Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандар туралы: Қылмыстық әрекетті ақтауға тырысып жүр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуі барысында қайғылы қаңтардағы оқиғаларды еске алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуі барысында қайғылы қаңтардағы оқиғаларды еске алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қасіретті қаңтар еліміз үшін зор сынақ болды. Қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысты, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келді. Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа", - деді Президент Алматы жұртшылығымен кездесуінде.
Мемлекет басшысының айтуынша, қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді.
"Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды.
Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытқанын айтты.
"Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік. Сол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі. Өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүр.
Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүниежүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті қолдау тапты".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также