ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 17 шілде 2026 13:56
Тоқаев Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін құруды ұсынды
Мемлекет басшысы трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысты. Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл "Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік" тақырыбына арналып отыр.
"Біз "Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін" іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік", – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысқаны хабарланған болатын. Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл "Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік" тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы бұл конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу