ПОДЕЛИТЬСЯ
18 қараша 2021 | 16:59
Тоқаев Қазақстанның бірыңғай сыртқы стратегиясы жоқ екенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саласында бірыңғай ұлттық стратегия жоқтығы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саласында бірыңғай ұлттық стратегия жоқтығы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе", - деді Тоқаев Сыртқы істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында.
Президент сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілгенін айтты.
"Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі тығыз мекемеаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек.
Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Бұл – біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады", - деп қосты ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл елеулі сәтсіздіктерге және ұлттық мүддені қорғау жұмысы тиімділігінің төмендеуіне әкеледі.
"Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Азиядағы, Орта және Таяу Шығыстағы, Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы, Африкадағы әріптестерімен байланысын кеңейтуге ашық екенін айтты.
"Жалпы, біз сыртқы саясат көкжиегін кеңейтуіміз керек. Көк туымыз жер шарының барлық ірі аймағында көрсетілуі керек. Бұл еліміздің стратегиялық мүдделеріне толық жауап береді", - деп қосты ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также