Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті.
"Ең алдымен, кездесуіміздің қарсаңында жарияланған мазмұнды мақаласы үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бұл материалды халқымыз ықыласпен оқыды. Өйткені мақалада тату көршілік пен өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты табысты ілгерілету үшін маңызы зор нақты деректер мен пайымдар көрініс тапқан. Бүкіл еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен өркендеуге ортақ жауапкершілік арқалау – Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі мәні деген пікірмен келіспеске болмайды. Қазақстан тарапына айтылған жылы лебіздер мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға үшін шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті.
Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты.
Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды.
"Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл – керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды. Сәйкесінше, дүниежүзілік геосаяси сахнада маңызды рөл атқарады. Ынтымақтастық перспективасына қатысты сөз қозғағанда, бүгін қабылданған «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің ерекше маңызына тоқталғым келедін, – деді Мемлекет басшысы.
Аталған құжат мақсаттарды айқындау тұрғысынан мұқият ойластырылғаны айтылды. Онда елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытудың сенімді негізі мен ұзақмерзімді бағдары көрініс тапқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей Президенті Владимир Путин зор үлес қосқанын айтты.
"Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз. Ресей тікелей араласпаса, бірде бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды. Сіз жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезеңде ел басқарып, орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып келесіз. Қазақстан Ресей экономикасының дамуына және халықаралық аренада табысқа жетуіне шын мәнінде тілектес. Біздің мемлекеттеріміз алып Еуразия кеңістігінің негізін құрайды. Берік әрі біртұтас Еуразия қауіпсіздігін сақтау үшін бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Екі елді тарихи тамырластық, мәдени дәстүрлер, ұқсас менталитет, бастысы, әлемдегі ең ұзын шекара біріктіреді. Сондықтан мәңгі достық, тату көршілік және өзара сенім дегеніміз – жай ғана үгіт-насихат ұраны емес, халықтарымыздың бейбіт тіршілігінің мәні және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы табыстың мызғымас кепілі. Біз Қазақстанда мұны жақсы түсінеміз және Ресеймен жан-жақты ынтымақтастықты басты бағыт ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар бұл істі жалғастыру елдеріміздің қазіргі және келешек басшыларының қасиетті міндеті деп санаймыз. Өйткені екі елдің достығы мен ынтымағын ештеңе алмастыра алмайды", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер делегация мүшелерінің қатысуымен іскерлік және конструктивті сипатта өтті. Тараптар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасты. Еуразиядағы қауіпсіздікке баса назар аударылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!