Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Президенттің сөзінше, бгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру.
"Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін бірге күш жұмылдырып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарымызды нығайтатын жолға батыл қадам басамыз", – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!