ПОДЕЛИТЬСЯ
05 мамыр 2022 | 19:01
Тоқаев реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысын өткізді
Қазақстан Президентінің төрағалығымен реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Президентінің төрағалығымен реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жиын Алматы агломерациясын дамыту мәселесінен басталды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баяндама жасады. Сондай-ақ Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти және Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов өздерінің ұсыныстарын айтты.
Су шаруашылығы саласын дамытуға қатысты екінші мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов сөз сөйледі.
Министрдің баяндамасын тыңдаған Мемлекет басшысы Орталық Азия өңірінде су мәселесі қашанда өте өзекті болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір бұл саладағы жағдай күрт нашарлап, тіпті, жаһандық мәселеге айналып отыр.
"Жаңа экономикалық саясат" мәселесі бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Сума Чакрабарти баяндама жасады.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жүргізіліп отырған экономикалық саясатты толығымен қайта зерделеуді талап етеді.
"Біз алға қойған мақсаттарға қол жеткізу тәсілдерін өзгертеміз. Мәселенің мәні осында. Сондықтан жобада жалпы бағыттар мен ұрандардың ғана көрсетілгені емес, сондай-ақ нақты бағыттар, жаңа әдістердің жобасы берілгені де өте маңызды. Сонымен қатар пысықтауды қажет ететін бірнеше мәселе бар. Бірінші, менің ойымша, құжатты нақтылай түсу қажет. Мысалы, әрбір бағыт бойынша іске асырылуға тиіс экономикалық реформалар тізімінің үлгісі және олардың міндеттері мен мақсаттары көрсетілуі керек. Сондай-ақ жобада технологиялық жаңғыру және инновацияларды енгізу тәсілдері нақтыланбаған. Жаңа жағдайда инновациялық саясат қандай болуға тиіс? Өкінішке қарай, бұл мәселеде нақты ұстаным жоқ. Екіншіден, құжат аясында "Самұрық-Қазына" қоры мен "Бәйтерек" холдингінің рөлін анықтау қажет. Бұлар экономика үшін де, мемлекеттік саясат үшін де өте маңызды субъектілер. Сондықтан олардың жұмысын дұрыс жүргізу арқылы бүкіл экономикалық саясаттың тиімділігін анықтауға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жалпы ұсынылған тәсілдерді мақұлдады және бүгінгі талқылаудың нәтижелерін ескере отырып, құжатты пысықтауды тапсырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также