ПОДЕЛИТЬСЯ
24 шілде 2022 | 15:44
Тоқаев Сауд Арабиясымен маңызды келісімдер жасалғанын мәлімдеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапарының екінші күні елдің іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысудан басталды.
Екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы салаларындағы ықпалдастығын нығайту кездесудің негізгі тақырыбы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен өткізген кешегі кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.
Президент мемлекеттеріміздің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас екенін атап өтті.
"Saudi Vision-2030 бағдарламасы мен біздің "Қазақстан-2050" стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді.
"Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы барлық өзге елдер экономикасының жиынтық көлемінен асып түседі. Орталық Азиядағы тауар айналымының 60 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің халықаралық резерві – 90 миллиард доллар және ТМД бойынша жан басына шаққанда ең жоғарысы саналады. Шетелдік инвесторлар еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Бұл Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызын құрайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Сауд Арабиясының қолдауымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 миллион доллардан асатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Қазақстан Президентінің пікірінше, бұл сома мемлекеттеріміздің әлеуетіне сай келмейді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты.
"Біз жүргізген талдауға сәйкес Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады", -деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті.
Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады.
"Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз", - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.
"Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.
"Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастырып көруді ұсынды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды.
"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын", - деді Қазақстан Президенті.
Дөңгелек үстел барысында Сауд Арабиясының Инвестиция министрі Халид Әл-Фалих, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, ҰБК "Бәйтерек" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, SABIC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Халид Хашим әл-Даббаг, MA'ADEN компаниясының бас директоры Роберт Уилт, ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян сөз сөйледі.
Бұдан бөлек форум жұмысына Ajlan & Bros Holding Group, SALIC, Saudi National Bank, Alhokair Group, FlyNas, Savola Group, SPIMACO, National Technology Group (NTG), Kingdom Holding, Dr. Sulaiman Al Habib Medical Group, Al Rajhi International for Investment, Al Muhaidib Group, Jamjoom Pharma, Tabuk Agriculture Development сияқты ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ Сауд Арабиясы экономикасының барлық секторында жұмыс істейтін бірнеше ондаған компанияның жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Сауда Арабиясының Спорт министрлігі арасындағы спорт саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сауд Арабиясы Бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі арасындағы БАҚ саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум.
3. "Сауд баспа ісі агенттігі" мен "Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені" КеАҚ арасындағы өзара түсіністік және ақпарат алмасу туралы меморандум.
4. Astana International Exchange Ltd. компаниясы мен Сауд қор биржасы (Tadawul) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
5. Ірі қара мен қой еті импортына қойылатын санитарлық-техникалық хаттама.
6. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен ACWA Power компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
7. "Самұрық-Қазына" АҚ мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
8. KAZBIOSORGO ЖШС мен Ajlan & Bros Holding Group компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
9. "QazTrade" Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
10. "Оптоград" ЖШС мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына ет жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
11. "KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы" АҚ мен Al Rajhi International for Investment (RAII) компаниясы арасындағы инвестициялар бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
12. "QazTrade" Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ мен "Лулу Сауди Гипермаркетс" компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
13. "Eurasia Invest LTD" ЖШС мен Jamjoom Pharma компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісім.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также