Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Ең алдымен, баршаңызды алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын! Қадірлі меймандарға осы форумға арнайы келгендері үшін алғыс айтамын. Сіздерді Астана төрінде көргеніме ризамын", - деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы форум тақырыбы бойынша айытлған өзекті ойлар мен құнды пікірлерді алдағы уақытта Үкімет міндетті түрде назарда ұстайтынын айтты.
"Шын мәнінде, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида.
Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін. Біз "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық.
Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті", - деді Тоқаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!