Тоқаев Таиланд премьер-министрін Қазақстанға шақырды

Тоқаев Таиланд премьер-министрін Қазақстанға шақырды Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, Мемлекет басшысы оның елімізге сапары Қазақстан мен Таиланд арасындағы қарым-қатынастың дамуына тың серпін беру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

"Сіздің еліңіз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші экономикалардың бірі, Жаһандық Оңтүстіктің маңызды өкілі әрі халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі саналады. Қазақстан Таиландпен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Келесі жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 36 жыл толуын атап өтеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жарнама
Жарнама

Мемлекет басшысы екіжақты сауда-экономикалық байланыстар қарқыны үдеп келе жатқанына назар аударды. Бұған өзара визасыз режим, туристер ағынының жоғары көрсеткіші және іскерлік байланыстардың кеңеюі айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

"Қазақстан – Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Өңірмен жалпы тауар айналымының 70 пайызы біздің елімізге тиесілі. Әйтсе де әлеуетіміз әлі жеткілікті деп санаймыз. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 55 таиландтық компания тіркелген. Сізбен бірге елімізге үлкен бизнес-делегация келген екен. Қазақстан іскерлік байланыстардың нығаюын құптайды әрі Таиланд компанияларын еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырады", – деді Президент.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Сихасак Пуангкеткео қонақжайлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Таиланд Үкіметі Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

"Еліңіздің экономикалық жетістіктеріне шынайы тәнтіміз. Бүгінде Қазақстанның орта держава ретінде әлемдік аренадағы рөлі артып келеді әрі Таиландтың Орталық Азиядағы басты серіктесі саналады. Біздің еліміз Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен (АСЕАН) ықпалдастықты дамытуда дәнекер болуға дайын. Бұл ретте біз тиімді әрі өзара пайдалы ынтымақтастықты жолға қоюды ұсынамыз. Таиланд туризм, оның ішінде медицина туризмі, қонақ үйлер құрылысы, аса маңызды минералдарды жеткізу тізбегін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі", – деді премьер-министрдің орынбасары.


Бұдан бөлек, Сихасак Пуангкеткео Таиланд Қазақстанның бірқатар бастамасын қолдағанын жеткізді.

Олардың қатарында БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын ашу және БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамалар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Таиландтың АӨСШК қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, халықаралық құрылымдар аясындағы нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракулді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, ізгі сәлемін жолдады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама