ПОДЕЛИТЬСЯ
20 мамыр 2021 | 12:25
Тоқаев Тәжікстан президентімен екіжақты келіссөз өткізді
Қазақстан Президенті Душанбеге ресми сапарының шеңберінде "Қасри Миллат" сарайында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен екіжақты келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Президенті Душанбеге ресми сапарының шеңберінде "Қасри Миллат" сарайында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен екіжақты келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жоғары деңгейдегі мемлекетаралық келіссөз басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы рапорт жасап, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылы сапының алдынан өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ, саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын талқылады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәлелелері қозғалды.
"Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Әрине, біз де өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталып, екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ аясындағы өзара табысты ынтымақтастығын айтты. Сонымен қатар Президент Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін тәжік көшбасшысына алғыс айтып, Тәжікстанның осы беделді құрылымға 2018-2020 жылдары табысты төрағалық еткенімен құттықтады.
"Жалпы барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндігіміз бар. Қазақстан мен Тәжікстан - бауырлас мемлекеттер. Бұл артық айтқандық емес", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін ілтипатын білдірді.
"Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан - Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді. Елдеріміздің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК аясындағы ынтымақтастығы табысты дамып жатыр", - деді Тәжікстан президенті.
Эмомали Рахмон екі ел арасындағы көпжақты қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтасты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның шақыруы бойынша екі күндік ресми сапармен Душанбеге барғаны хабарланған болатын. Бұл - Қазақстан Президентінің биылғы алғашқы шетелдік сапары.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также