Тоқаев түркі елдерін жаһандық технологиялық өзгерістер көшінен қалып қоймауға шақырды

Тоқаев түркі елдерін жаһандық технологиялық өзгерістер көшінен қалып қоймауға шақырды Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент меймандарға ілтипат білдіріп, бауырлас елдер ынтымақтастығын нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі айрықша екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент меймандарға ілтипат білдіріп, бауырлас елдер ынтымақтастығын нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі айрықша екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін арнайы келген Әзербайжан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Инам Керимовты, Қырғыз Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Медербек Сатыевты, Түркия Республикасының Кассациялық сот төрағасы Омер Керкезді, Түркия Республикасының Мемлекеттік кеңес төрағасы Зеки Йигитті, Өзбекстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усмановты қабылдады.

Жарнама
Жарнама

Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, бауырлас елдер ынтымақтастығын нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі айрықша екенін айтты.

"Осы тұста ұйымға мүше мемлекеттердің сот және құқық қорғау саласындағы ықпалдастығы күшейіп келе жатқанын атап өту қажет. Ертең Түркістан төрінде өтетін алқалы жиын соның айқын көрінісі болмақ. Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір көптеген елдер жаһандық технологиялық өзгерістер көшінен қалып қоймау үшін заман талабына қарай қарқынды даму жолына түсіп жатқанына назар аударды.

"Осы бағытта біз де күш-жігер біріктіріп, жұмыла әрекет етуіміз керек. Ертең Түркістанда өтетін конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер қаралады. Мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті деп айтуға болады. Осы мәселелер бойынша пікір алмасу біздің ұйымның одан әрі дамуына және оның беделінің күшеюіне үлкен серпін берері сөзсіз. Баршаңызға белгілі, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық игі бастамаларды қолдайды, алдағы уақытта да солай болмақ", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдердің өкілдеріне соңғы жылдары мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар жөнінде мәлімет берді.

"Көп ұзамай, яғни, бірінші шілде күні Қазақстанның жаңа Ата заңы күшіне енеді. Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Бас құжатқа сәйкес еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және жеріміздің тұтастығын қорғау негізгі конституциялық міндет саналады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрдайым бейбітшілікке ұмтылып, барлық елмен достық қарым-қатынас орнату мемлекетіміздің мызғымас қағидаты ретінде айқындалды. Жаңа сипатқа ие болған Конституцияда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты деп танылды. Ата заңымызда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі жеке мәліметтерін қорғау туралы норма көрініс тапты. Бұған қоса адвокатура туралы арнайы бап қосылды. Конституция ережелерін жүзеге асыру мақсатында жақында бес конституциялық заңға қол қойылды. Бұған қоса, 70-тен астам Кодекс пен Заңға түзетулер енгізілді. Тамыз айында елімізде Құрылтай сайлауы өтеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғыртылады", – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы сот және құқық қорғау саласын реформалау бойынша атқарылған ауқымды жұмысқа тоқталды.

Жиында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев сөз сөйледі.

Суреттер: Ақорданың баспасөз қызметі

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама