ПОДЕЛИТЬСЯ
06 мамыр 2019 | 14:55
Тұрғымбаев пен Шпекбаевқа генерал-лейтенант арнаулы атағы берілді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы жеңіс мейрамымен құттықтап, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
"Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең байтақ жерімізді қорғау - бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан айрықша мән бергенін атап өтті.
"Егемендікті, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғау - біздің армиямыздың және Күштік құрылымдардың басты бағдары. Бұл стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына - генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сіздердің сауатты басшылықтарыңызға байланысты. Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс", - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге арнаған сөзінде бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін атап өтті.
"Бұл Сіздердің тек кәсіби және жеке сіңірген еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сондай-ақ, одан да ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жаңа деңгейін білдіреді. Қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құру жолында барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.
Рәсім барысында 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені - Ғ.Нұрдәулетовке, М. Ахметжановқа; полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағы - А.Шпекбаевқа, Е. Тұрғымбаевқа; генерал-лейтенант әскери атағы - М.Алтынбаевқа;
Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы - Ә.Жүсіповке; ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы - Д.Ерғожинге, Т.Әлімжановқа, М.Ирменовке, А.Төлеуовке, Б.Уәлиниязовқа; сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы - Б.Найзабековке; 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы Қ.Сөнтаевқа;
генерал-лейтенант әскери атағы - Ә.Халықовқа, генерал-майор әскери атағы - М.Аймашевке, А.Ашировке, Ф.Бәденовке, А.Жұмағалиевке, Т.Қайырбековке, Т.Мұратбаевқа, А.Мұстабековке;
контр-адмирал әскери атағы - С.Бекжановқа; 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені - Қ.Жақыпбаевқа, Б.Жүйріктаевқа, М.Сексембаевқа; полиция генерал-майоры арнаулы атағы Қ.Дәлбековке, А.Дүйсембаевқа берілді.
Показать комментарии
Читайте также