Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округі аумағында, Келес өзені арқылы өтетін облыстық маңызы бар тасжолындағы көпір құлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Келес ауданы әкімдігі мәлімтінше, жағдайға байланысты алдын ала қауіп белгілері анықталып, көпір арқылы көлік қозғалысы толық тоқтатылған.
"Келес ауданы әкімдігі тарапынан тиісті қызметтер шұғыл түрде жұмылдырылды. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр. Ахуал толық бақылауда", - делінген әкімдік хабарламасында.
Көпірді қалпына келтіру және көлік қатынасын қайта жолға қою мақсатында шұғыл ретке келтіру бойынша кешенді шаралар қабылданатыны айтылды. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіз әрі үздіксіз қатынауын қамтамасыз ету үшін уақытша балама жолдар пайдаланылып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!