Түркістан облысында "зейнетке" шыққан қызметтік иттер электрон сауда порталы арқылы сатылып жатыр. Барлығы 12 жануар сатылымға шығарылған. Бір иттің құны небәрі 561 теңгеден басталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Қорғаныс министрлігіне қарасты "Қазспецэкспорт" мемлекеттік кәсіпорны 12 қызметтік итті электронды аукционға шығарды.
Олардың арасында Лео, Мерген, Марика, Май, Марси, Мавр, Малька, Малыш, Марчи, Мангул, Минти және Мрак есімді неміс және бельгиялық овчаркалар бар.
Барлық жануарлардың жалпы құны - 12 082 теңге.
Мәселен, Мавр есімді бельгиялық овчарка мынадай:
Ал Лео есімді неміс овчаркасы мынадай:
Сауда сейсенбі - 31 наурызда сағат 10:00-де аяқталады.
Толығырақ
Иттерді саудаға шығармас бұрын олар тексеріліп, бағаланған. Құжаттарға сүйенсек, барлық жануардың жағдайы "қанағаттанарлық" деп танылған, бірақ олар "арық" деп сипатталған.
Қызметтік овчаркалар 10 жасқа таяған (олар 2015–2016 жылдары туған). Әрқайсының инвентарлық нөмірі мен құжаттары, соның ішінде ветеринарлық паспорттары мен чиптері бар.
Иттер сатылымға ең төменгі бағамен, іс жүзінде есептен шығарылған мүлік ретінде қойылған. Олардың бағасы 561 теңгеден 1 631 теңгеге дейін.
"Қазспецэкспорт" бұны қалай түсіндірді?
"Қазспецэкспорт" РМК бұған дейін қызметтік иттер мемлекеттік мүлік болып саналатынын, сондықтан оларды жай ғана біреуге бере салуға немесе есептен шығара салуға болмайтынын түсіндірген еді. Кәсіпорын мәліметінше, сатуға балама - ұйықтатып тастау, сондықтан олар адамгершілікке жататын жолды таңдап, иттерді саудаға шығаруды жөн көрген.
Иттер енді қызметтік емес, жасы келген жануар ретінде бағаланатындықтан, оларға төмен баға қойылған көрінеді. Бұл ретте кинологтар иттерді тегін ала алмайды - бұл мемлекет мүлкін заңсыз иемдену болып саналады. Сондықтан жануарды өзінде қалдырудың жалғыз жолы оны аукцион арқылы сатып алу.
Нәтижесінде, компания мәліметінше, көбіне иттерді қызметі аяқталғаннан кейін кинологтар мен ветеринарлар өздері сатып алады.