Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы саммитінде Tesla Cybertruck мобильді кешендері жұмылдырылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметіне сілтеме жасап. 15 мамырда өтетін саммиттің негізгі тақырыбы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту деп жариялануы символдық мәнге ие.
МКҚ мәліметінше, Tesla Cybertruck платформасында жасалған командалық-штабтық машина құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және мемлекет басшыларының кездесулерін техникалық сүйемелдеу үшін кезекшілікке шығарылды.
"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Tesla Cybertruck электрпикаптары негізіндегі мамандандырылған автомобильдерді пайдалану Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Жоғары технологиялық машиналар Түркістандағы халықаралық іс-шара кезінде бөлімшелерді үйлестіру және жергілікті жерге жедел мониторинг жүргізу міндеттерін орындайды", - деді МКҚ өкілдері.
Кешеннің техникалық жабдықталуы сыртқы қуат көздерінсіз-ақ штабтық жабдықтар мен байланыс жүйелерінің жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілген. Электрмобильдің аккумуляторлық батареяларының сыйымдылығы компьютерлер мен арнайы байланыс құралдарының ұзақ уақыт дербес жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Тағы бір маңызды фактор – Tesla Cybertruck электрокар саналады. Бұл оның шусыз жұмыс істеуіне ғана емес, ресми кездесулер өтетін орындарға тікелей жақын жерде орналасуына мүмкіндік береді.
МКҚ автомобильді ведомство балансына қазақстандық кәсіпкердің өтеусіз негізде тапсырғанын атап өтті.
Айта кетерлігі, Tesla Cybertruck қазірдің өзінде Төтенше жағдайлар министрлігінде қолданылады. Бұл таңдау күрделі таулы жерлерде іздестіру операцияларын жүргізу қажеттілігіне байланысты жасалған. Сонымен қатар табиғат қорғау аймақтары мен туристік бағыттарда электр көлігін пайдалану аймақтың экожүйесін сақтауға ықпал етеді.
Tesla электрмобильдері басқа елдердің күш құрылымдарында бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Мәселен, Калифорниядағы Фримонт полиция департаменті осы маркалы патрульдік көліктерді 2019 жылдан бастап пайдаланады. 2020 жылы Тайландтың Корольдік полициясы жедел міндеттерді орындау үшін Tesla Model 3 Performance партиясын алды. Дубай полициясы 2024 жылдың маусымында Cybertruck-ты өз автопаркіне қосып, оны ресми кортеждерді сүйемелдеу үшін пайдаланады.