ПОДЕЛИТЬСЯ
08 тамыз 2020 | 09:21
Түркістанның облыс орталығы ретінде анықталуы - ел тарихының жаңа парағы
Ер түріктің бесігі атанған Түркістанның облыс орталығы атанғанына да – екі жыл толды. Бүгінде өңір қарқынды даму даңғылына түсіп, жаңаша кейіпте түрленіп келеді. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, іргелі нысандар бой көтеріп жатқан Түркістан халқының тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер байқалады. Аталған өзгерістер көз көріп, құлаққа сіңісті болған «туризм» саласында ғана емес, ауыл шаруашылығында да өзгеше реңкке ие болды. Жалпы, болашағынан зор үміт күттіретін облыстың болашақтағы әлеуеті жайлы белгілі азаматтардың пікірлерін, ой-пайымдарын топтастырғанды жөн көрдік.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ер түріктің бесігі атанған Түркістанның облыс орталығы атанғанына да – екі жыл толды. Бүгінде өңір қарқынды даму даңғылына түсіп, жаңаша кейіпте түрленіп келеді. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, іргелі нысандар бой көтеріп жатқан Түркістан халқының тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер байқалады. Аталған өзгерістер көз көріп, құлаққа сіңісті болған «туризм» саласында ғана емес, ауыл шаруашылығында да өзгеше реңкке ие болды. Жалпы, болашағынан зор үміт күттіретін облыстың болашақтағы әлеуеті жайлы белгілі азаматтардың пікірлерін, ой-пайымдарын топтастырғанды жөн көрдік.
Сатай Сыздықов, тарихшы, ғалым: "Түркі әлемін біріктіретін идея – Түркістаннан басталуы керек"
Киелі Түркістан – ежелден-ақ Түркілердің ортақ қара шаңырағы болған. Оны айтпаған адам кемде-кем шығар. Әдебиеттегі ізін баяндамаса да белгілі. Жалпы, Түркістанның облыс орталығы болуының үлкен маңызы бар дер едім. Біріншіден, кең мағынада, яғни, халықаралық тұрғыда, оның ішінде Түркі дүниесіндегі алатын орны ерек. Екіншіден, Қазақстанның ішкі аймақтық дамуында ерекше рөл атқаратын болады. Халықаралық тұрғыдан дейтінім, Түркі дүниесінің бірігуіне, жаһандану заманында олардың рухани мәдениетінің одан әрі дамуына және әлемдегі озық үдерістерге сәйкес, асыл мұраларымыздың жоғалып кетпеуіне, олардың ары қарай өмір сүріп, ортақ игілікке қарай жұмылатынына сенімім мол.
Ер Түріктің бесігіне айналған Түркістанның тек туризм саласы бойынша ғана емес, жалпыхалықтық дәрежеде дамығаны құба-құп болар еді. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайына, әсіресе жастардың жағдайына үлкен оңды ықпалын тигізетіні сөзсіз. Кең құлаш жайған туризм саласындағы әлеуеті одан ары қарай дамып, күллі қазақтың көз қуанышына айналғаны әрқайсымыз үшін де маңызды. Сонымен қатар, инфрақұрылым мен өндірістік кәсіпкерлікті де назардан тыс қалдырмау керек деп пайымдаймын. Қазіргі күні Республикамызда шикізат өндірісі дамып отырғаны көз қуантады. Сондықтан осы өнеркәсіп түрлерін, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп түрлерін дамытудың артықшылығы жоқ деп санаймын. Өйткені бұл жерлердегі мүмкіндіктер ұшан-теңіз. Тек соны қарай жетілдірудің тетіктері табылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сондай-ақ «Мәңгілік ел» саяси-стратегиясын да ұмытпаған жөн дер едім. Өйткені, «Мәңгілік ел» – тек Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге сонау VIII ғасырда тасқа қашалып жазылған Түркі әлеміне үшін де ерекше маңызге ие.
Ол кезде Түркі империясында ортақтастығы мол халықтар өмір сүрді. Кейін ХV ғасырда тарай бастағаны болмаса… Түркістан тек қана географиялық тұрғыдан Түркі дүниесіне ортақ жер емес, сондай-ақ рухани тұрғыдан да ортақ екенін ұмытпаған ләзім. Яғни «Мәңгілік ел» дегеніміз ортақ идеялардың отаны ретінде қарастырылуы керек. Кең мағынада алғанда бұл дегеніңіз «Түркі әлемін біріктіретін идея» деген сөз. Міне, сол идея киелі түркі жерінен, яғни, Түркістаннан бастау алуы керек.
Мақсат Халық, экономист: «Түркістанда ішкі туризмді дамыту бойынша үлкен қадамдар жасауға болады»
Расымен де, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін иеленуі халық арасында оң пікірде қабылданып келеді. Бұл қадамның идеологиялық мәні бар дегенге де келісемін. Сонымен қатар, идеологиялық мәннен бөлек, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар екенін де білген жөн. Екі жылдың ішінде үлкен өзгерістердің болып жатқаны байқалады. Енді оның аймақтарында инфрақұрылым мен жолдардың жасақталуы және қосымша тұрғын үйлердің салынып жатқаны, әрине көңілден шығады. Мұндай тенденцияның болғаны өте дұрыс. Дәл қазіргі дағдарыс уақытында, яғни пандемия кезеңінде облысты инфрақұрылым жағынан жасақтау аса маңызды дер едім. Яғни, жол салу, электр жүйелері мен газ тарту, қаланы жабдықтаумен реттеу, бәрі-бәрі экономикалық мәнге ие.
Менің ойымша, дағдарыс уақытында инфрақұрылымдық жобаларды көптеп бастау керек. Тұрғын үй салуды да қолға алған дұрыс. Әрине, халықтың қазір сатып алу мүмкіндігі аса жоғары емес. Дегенмен де, бұл жобалар біраз жұмыс орнын ашатыны анық. Екінші назар аударарлық тұс, бұл – туризм мәселесі. Бұл өңірде тарихи орындар, табиғаты тамаша жерлер өте көп. Сондықтан ішкі туризмді дамыту бойынша үлкен қадамдар жасауға болады. Әсіресе, инфрақұрылымды реттесе, келушілер саны артар еді. Үшіншіден, Түркістан облысында адам капиталы жоғары саналады. Яғни, халық тығыз орналасқан. Алайда, орташа жалақы төмен деңгейде. Сондықтан, халықтың табысын арттыру, орташа жалақыны көбейту сынды мәселелерді реттеу қажет. Бұл әрине, мемлекет тарапынан орындалатын дүние. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын да ерекше екпін бере айтқан жөн дер едім. Өйткені, бұл жерде ауыл шаруашылығымен айналысуға барлық жағдай жасалған. Көкөніс, жеміс-жидек өсіремін десе де, қиындық жоқ. Ендігі сәтте, шаруашылықты ұйымдастыру үшін азаматтарға белгілі дәрежеде біліктілік қажет деп санаймын. Яғни, кез-келген өнімді тұтынушыға жеткізудің логистикалық тізбектері, технологиясы болғаны дұрыс. Міне, осындай ұтымды шешімдер болса, негізінен бұл өңір дамитын болады.
Тынышбек Дайрабай, зерттеуші, этнограф: «Түркістанның тылсым сыры бір күннің немесе түннің ықтиярындағы дүние емес»
Қазақ халқының арасына кең тараған: «Арыстанбапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қанатты сөздердің өзі-ақ Түркістан өңірінің киелі де қасиетті мекен болғанын сан ғасырдан бері айғақтап келе жатыр.
Түркістан қаласын ірі орталық ету Тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасымыздан бастап зиялы қауым өкілдері арасында талай әңгіме арқауына айналғаны осы күні ойға оралып отыр. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 1991 жылы айтқан мына пікірін еске түсіріп көрейікші. «...Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт қазақ хандарының тұрағы – астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтары, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды. Түркістанда облыс орталығы құрылса жақсы болар», – деп жазды. Ал ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты толғауындағы: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой... – деген өлең жолдарынан қаншама тарих сыр шертеді. Демек, Түркістан – түркі халықтарының, одан да кеңірек айтсақ, Шығыс халықтарының ақ ордасы, астанасы болғанын аңғарамыз.
Сол Түркістан облысы міне, араға 153 жыл салып, қайта құрылып отыр. 2018 жылдың 19 маусымы – алтын әріптермен тарғыл тарихтың беттерінде, қазақ халқы мен түркі жұртының есінде мәңгі сақталып қалатыны сөзсіз. Айта берсек, зерделей білсек, Түркістанның тылсым сыры бір күннің немесе түннің ықтиярындағы дүние емес. Оның сырын тауысу үшін сағаттап отырып әңгіме айтуға да болады. Хош! Қазақы қалпын сақтап, әрі ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңарып келе жатқан облыстың болашағы әлі де зор екенін асқан сенімділікпен айта аламын. Есімхан мен Тәукеханның, Рабиға бегім мен Қаз дауысты Қазыбек би сынды қазақ хандары мен би-шешендерінің, сұлтандары мен батырларының сүйегі жатқан киелі шаһар – енді ұлтымыздың рухын көтеретін, келешегі кемел қалаға айналсын деген тілек білдіремін.
Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Түркістанның қандай сөздерден құралғанын біліп, оған үлкен мән беретін болсақ, біраз дүние аңғарылар еді...»
«Түркістан» деген терминнің алғаш пайда болуы, шекаралық аумағы қай жерлерді қамтығаны туралы нақты деректер жеткілікті. Жалпы бірнеше мыңжылдық тарихы бар қазақ елінің әрбір аймағы ерекше. Ол дегеніміз көп жағдайда тарихи, рухани, шаруашылық және т.б ерекшеліктерімен көрінеді. Қарап отырсақ, Маңғыстау, Еділ-Жайық, Сарыарқа, Шу-Талас өңірі деген сияқты еліміздің тарихи аймақтары бар. Әрқайсысының орны бөлек. Олар қазақ халқының тарихын байытып отырады. Дәл осындай белгілі бір аймаққа Сыр өңірі немесе орта ғасырларда Түркістан деген қала жатқан. «Түркістан» деген терминнің алғаш пайда болуы IX ғасырға сәйкес келеді. Бұл атауды VIII-IX ғасырларда араб-парсы тарихшылары қолданған екен. IX ғасырда өмір сүрген араб географы Ибн Хордадбех «Китаб ал-масалик уа ал-мам-лик» атты еңбегінде: «Мервтен екі жол шығады, бірі – Шашқа және түркі еліне, келесісі – Балх пен Тохаристанға апарады» деп жазған. Ал оның замандасы, тарихшы әрі географ Әл-Якуби «Китаб әл-бұлдан» атты еңбегінің бір тарауын «Түркістан» деп атаған. Сол еңбегінде: «Барлық түркі елдері Хорасан және Седжестанмен шектеседі. Ал Түркістанда түркілер бірнеше халықтар мен мемлекеттерге бөлінеді» дей келе, түркі тайпаларының атауын жазып қалдырады. Сөйтіп, алғаш рет «Түркістан» ұғымын түркі тайпалары қоныстанған аймаққа қатысты қолданған.
«Түркістан» – екі сөзден құралған. Парсы тілінде «астан», «Эстон» деген зат есімге жалғанып, «Мекен» деген мағынаны білдіреді. Яғни қазіргі ұғым бойынша «Түркілердің Отаны» деген сөз. Ал оның шекарасы етіп, Каспийден Қытайға дейінгі жерді көрсетіп береді. Осындай зор аймаққа ие болып жатқан жер Түркістан деп аталды. Бұл «Түркістан» сөзiнің алғашқы мәні. Ал екінші мәні XIII ғасырдан бастап өзгертіледі. ХIII-XVI ғасыр аралығында Солтүстікте Дешті Қыпшақтан, оңтүстікте Мәуереннахрға дейін созылған. Кейіннен Түркістанның аумағы қысқарған. Ташкенттен Қызылордаға дейін Сырдың оң жағалауы мен сол жағалауындағы қалалар мен жазиралы далалар, яғни өңірлер жатады екен. 1598 жылы қазақ халқының этникалық тобы толығымен қалыптасып болды. Сол кезде Түркістан қалаларының арасындағы бұрынғы Ясы қаласы Қазақ хандығының астанасы атанады. Сөйтіп, Ясы Түркістан болып өзгерді. Жалпы, Түркістанның қандай сөздерден құралғанын біліп, оған үлкен мән беретін болсақ, біраз дүние аңғарылар еді..
Ноябрь Кенжеғараев, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі: «Екі жылда Түркістан қаласы алып құрылыстардың мекеніне айналды»
Елбасы Жарлығымен 2018 жылғы 19 маусымда Түркістан облысының құрылуы азаматтарды түрлі ойларға жетелегені белгілі. Мәртебесі өзгерген соңғы 2 жылда Түркістан қаласы алып құрылыстардың мекеніне айналып, түрленіп сала берді. Қаланың инфрақұрылымы қарқынды дами бастады. Түркі дүниесінің астанасы делінетін Түркістанның екінші тынысы ашылды. Дегенмен Түркістан қаласының облыс орталығы болып өзгертілуі, Мырза-шөл өңіріндегі шалғайда жатқан Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара аудандары үшін қиындықтар туғызғаны да анық. Соңғы кездері 710 мың халқы бар осы 5 ауданнан жаңадан Мырзашөл облысын құру керегі жөнінде көтеріліп жатқан бастамалар негізді деген де ой келеді. Оның үстіне осы жылдың 1 мамырында Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы апаттан кейін, Мақтаарал өңірінің ауылдарын су басып қалуы, шекаралас аймақта орналасқан аудандардың шоғырланған, шешілуі керек мәселелері шаш-етектен екенін көрсетті. Аталмыш 5 аудан еліміздің құнарлы топырақты, аграрлық аудандары. Жерді емген халық жыл сайын су тапшылығын көреді. Ал су мәселесін шалғайдағы Түркістанға (500 шақырымға жуық) барып шешу қиын шаруа.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 175 нысанның құрылысы жүріп жатыр екен. Тарихи қаламыз үшін өте қуанышты жағдай. Алайда барлық назар мен қаржы облыс орталығына бөлініп, қалған өңірлер кенже қалып жатқаны тағы бар. Оның бір көрінісі деп былтырғы әскери қоймалардағы жарылыстардан зардап шеккен Арыс ауданын айтуға болады. Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген, ірі өнеркәсіптері жоқ аудан. Жарылыстан кейін Үкімет «Арыс қаласын қалпына келтіру және жаңғырту бағдарламасын» қабылдауы керек деген сенім болды. Өкінішке қарай, қаланы жаңғыртуға арналған Үкіметтік бағдарлама жоқ болып шықты. Қала жарылысқа дейінгі келбетінен анағұрлым жақ¬арды дегенмен, кешенді даму стратегиясы мен жоспары жоққа ұқсайды. Тарихи қала Түркістанның өркендеп дамығанына өңір жұртшылығы қуанбаса, ренжімесі анық, дегенмен өңірдегі басқа да аймақтардың қолайлылығын, дамуын, өркендеуін естен шығармай, қатар өрбіту керек деп санаймын.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Ендігі кезекте туризммен қатар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында да тың қадамдар іске асырылатыны анық. Аталмыш бастамалар өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына әсер етеді деген сеніміміз кәміл. Болмысы да, қалыптасу тарихы да ерекше шаһар рухани-мәдени дүниетанымымыздың көкжиегін ұзартары сөзсіз.
Тимур АТАБАЕВ
Показать комментарии
Читайте также