Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы Мөлдір Мұқанова 500 мың теңгеден аса айыппұл арқалады. Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мән-жайын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тағы кімдер айыппұл арқалады?
Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 2025 жылы лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың тізімін жариялады. Тізімде бірнеше танымал адам бар.
Соның бірі - әзілкеш, блогер Мереке Қалбаева.
Одан бөлек блогерлер Нұрбек Нұртаза, Амина Нұртаза, Әлия Байтуғаева бар.
Жалпы қанша адам айыппұл төледі?
Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойнын ұйымдастырғандар 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеген.
"Мониторинг нәтижесінде және жеке тұлғалардан комитетке түскен өтініштер негізінде биыл 89 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматтарда кездесулер өткізілді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!