ҰҚК биыл қарашада Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында терроризмді, соның ішінде әлеуметтік желіде насихаттады деген күдікпен деструктивті діни ағымдардың 6 жақтаушысын ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тергеудің болжамы бойынша, олар діни негізде шабуылдар мен кісі өлтіруге шақырулар таратқан, сонымен қатар зайырлы тәртіпке қарсы шыққан.
Тінту барысында олардан атыс және суық қару, сондай-ақ көптеген діни әдебиеттер тәркіленді.
"Сот санкциясымен аталған тұлғалар қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 3 қарашада осындай қылмысы үшін терроризмге шақыру материалдарын таратқан Ақтөбе облысының тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Үкім заңды күшіне енді.
Жыл басынан бері ҰҚК органдарының материалдары бойынша террористік және экстремистік әрекет үшін 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!