ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 13 шілде 2026 09:11
Үкімет Астанаға 16 миллиард теңгеден аса қаражат бөлді: ол қайда жұмсалады?
Қазақстан Үкіметі Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға резервтен 16,2 миллиард теңгеден аса қаражат бөлді. Тиісті қаулыларға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қаражат елорданың су бұру, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталады. Жобаларды іске асыру коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғын үй құрылысының белсенді жүруі мен халық санының өсуі жағдайында оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді деп күтіледі.
Су бұру жүйесіне шамамен 9 миллиард теңге жұмсалады
Су бұру нысандарын салуға және жаңғыртуға 8,7 миллиард теңге қарастырылған.
Атап айтқанда, Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту қондырғыларынан Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторын реконструкциялау жоспарланған.
Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелерінен және Тұран даңғылының бойынан тазартылған ағын суларды Есіл өзеніне ағызу үшін су төгу коллекторы салынады.
Бұл жұмыстарды орындау 4,5 мың гектар су жинау аумағынан жер үсті және дренаждық суларды сенімді түрде бұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сондай-ақ бұл тәулігіне шамамен 70 мың текше метр өнімділігі бар тазарту қондырғылары жұмысының тұрақтылығын арттырып, қаланы одан ары дамыту үшін инфрақұрылым жасайды.
Жаңа қосалқы станция және ЖЭО-2-ні жаңғырту
Тағы 7,5 миллиард теңге елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Бұл қаражат есебінен қолданыстағы электр желілеріне қосылатын 110/20 кВ "Қарлығаш" жабық қосалқы станциясын салу, сондай-ақ "Астана-Энергия" АҚ ЖЭО-2-нің №1 турбоагрегатын жаңғырту жоспарланған.
"Жаңа энергия нысанын іске қосу жұмыс істеп тұрған "Есіл" және "Бәйтерек" қосалқы станцияларына түсетін жүктемені азайтады және "Нұрлы жол" вокзалы ауданы мен Тельман тұрғын алабының 80 мыңға жуық тұрғынын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Қосымша қуаттар жаңа әлеуметтік нысандарды, соның ішінде мектептер мен емханаларды пайдалануға беруге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жаңғыртудан кейін ЖЭО-2 турбинасының қуаты 30 мегаватқа - 80-нен 110 мегаватқа дейін артады. Үкіметтің бағалауынша, бұл электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, елорданы энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттырады.
Тағы оқыңыз: Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу