Үкімет Қазақстанның жаңа спутнигіне миллиардтаған қаржы бөлді

Үкімет Қазақстанның жаңа спутнигіне миллиардтаған қаржы бөлді Фото:depositphotos.com

Қазақстан үкіметі жаңа KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құруға өз резервінен 10,4 миллиард теңге бөлді. Ол пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталатын қазіргі KazSat-3 ғарыш аппаратын алмастыруы тиіс, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа KazSat-3R спутнигі KazSat-3-тің қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Жарнама
Жарнама

Сонымен қатар жоба келесі мүмкіндіктерге жол ашады:

  • спутниктік байланыс пен телерадио хабарларын таратудың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету;
  • шалғайдағы және халқы аз елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейту;
  • ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру;
  • елдің технологиялық егемендігін нығайту.

Айта кетсек, бүгінде KazSat спутниктік жүйесінің ресурстарын Қазақстанның ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік органдары пайдаланады. Ол арқылы телехабар тарату, деректерді беру, мобильді байланыс және интернетке қосылу қызметтері көрсетіледі. Жүйеге 19 байланыс операторы мен екі миллионнан астам телехабар тарату абоненті қосылған.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы мамырда Сенат депутаты Андрей Лукин Қазақстанға "ғарыштық алпауыт-жалға беруші" рөлінен бас тартатын уақыт келгенін мәлімдеп, KazSat-3R спутнигін жасауды жеделдетуге шақырған.

Бұл ретте Лукин жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 40,2 миллиард теңге көлемінде қоса қаржыландыру қажет екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ ол спутниктік технологияларды шығаратын шетелдік өндірушілерді тарту үшін сатып алу процедураларын жеңілдетуді ұсынды.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама