ПОДЕЛИТЬСЯ
22 қараша 2016 | 11:32
Үкіметте ҰБТ-ның жаңа форматының басымдықтары жайлы айтылды
Бүгін Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысында Астана қаласының ата-аналар ассоциациясының төрайымы Анар Төлебаева ҰБТ-ның басымдықтары жайлы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысында Астана қаласының ата-аналар ассоциациясының төрайымы Анар Төлебаева ҰБТ-ның басымдықтары жайлы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы бізге не береді? Бұған дейін ҰБТ кезінде болған қиыншылықтар, атап айтқанда, ҰҚК күзетінің ықпалымен металл іздегіштер, ұялы телефондар, шпаргалка, калькулятор құралдарының болуына оқушыларға тексеріс жүргізу, аталған құралдармен ұсталып қалған балаларды аудиториядан шығару сияқты жағдайлар болмайды. Ата-аналардың өзара наразылықтары, сондай-ақ, оқушылардың ЖОО-ға түсе алмай, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, көз жасына төгетін оқиғалар да болмайды. Оқушылар мектепте аттестат алу үшін, ал үздіктер "Алтын белгісін" алуға ешқандай қобалжусыз, тестілеу мен емтихандар тапсыратын болады. Содан кейін мемлекеттік білім грантын алуға ниет білдіргендер алғашқы тестілеу мен емтихандар тапсырады", - дейді ата-аналар ассоциациясының төрайымы.
Астана қаласының ата-аналар ассоциациясының төрайымы Анар Төлебаева. © primeminister.kz
Сонымен қатар, ол ҰБТ тапсырып, грант ала алмағандардың ақылы негіздегі оқу орнына тапсыра алатынын ескертті. "Осы дұрыс қой. Бұл біздің балаларға жоғары білім алуға тағы да бір мүмкіндік береді. (...) Балалардың мектепте алған білімі мен жоғары оқу орнына түсуі жеке бағаланатыны дұрыс деп есептеймін. Мен ата-ана ретінде мұндай өзгерісті қолдаймын. Ең алдымен орта білім туралы аттестатты беру қажет, содан кейін ғана мектеп түлегі жоғары оқу орнына тапсыру-тапсырмауды өзі шешеді. Енді барлығы өзіне тиесілі білім нәтижелерін алады", - деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, жаңа форматтың тағы бір тиімді жағы - оқу сауаттылығына емтихан тапсыру. "Аталуының жай болуына қарамастан, бұл емтихан ең маңыздысы болып отыр. Ол емтихан тапсырушылардың нақты жеке мүмкіндіктерін сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінің деңгейін анықтауға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда тапсырмаларды жай жаттап қана қоймай, ойлау да, ойын жеткізе алу да, талдай білу де маңызды", - деді Төлебаева.
Ол ҰБТ-ның бұрынғы форматының тиімсіз тұсын да анықтап көрсетті. Айтуынша, ҰБТ оқушылардың ойлау қабілетіне кері әсерін тигізетіні туралы көп ескертпелер болды. "Енді оқу сауаттылығы жаңа блогы мұндай жағдайларға жол бермейді деп санаймын", - дейді төрайым.
Сондай-ақ, ол өзінің бес бала тәрбиелеп отырғанын, тұңғышы ҰБТ тапсырғанын, осыған байланысты алған тәжірибесімен Білім және ғылым министрлігінің бағытын дұрыс деп есептейтінін айтады. "Кез келген өзгеріс ата-аналар мен оқушылар тарапынан қорқыныш туғызуы мүмкін. Сол себепті қорытынды аттестациялау мен ҰБТ-ны өткізу процедурасының ерекшеліктері туралы барлығын уақытылы әрі дұрыс ақпараттандыру маңызды", - деп қорытындылады ол өз сөзін.
Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисеновтің пікірінше, жаңа формат мектеп бітірушілердің барлығына бірдей талап қояды. "Алтын белгі" иегері болсын немесе Халықаралық олимпиада жеңімпазы болсын, барлық оқушы ҰБТ тапсыратын болады. ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы - тест сұрақтарының мазмұнының өзгеруі. Осыған байланысты пәннің мазмұнын және қойылған сұрақтарға талдау жасап, түсініп, жауап беруіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл мектеп бітірушілердің білім сапасын көтеруге және оның білімін объективті бағалауға негіз болады. Бұрынғы жылдары тарих, химия, шет тілі, қазақ және орыс әдебиеті бейінді пән болғанда, мамандық таңдау мүмкіндігі шектеулі еді. Алдағы жылы таңдаған пәніне байланысты екі бейінді пәннен тест тапсыру арқылы талапкер бірнеше мамандық таңдайтын болды. Мәселен, түлек математика мен физиканы таңдайтын болса, классификатордағы 151 мамандықтың 52-сін таңдай алады", - дейді ол мұның бұрын-соңды болмаған жаңалық екенін айта отырып.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов. © primeminister.kz
Сондай-ақ, ректор колледж бітірген талапкерлердің өздері білім алған мамандықтарына сәйкес, өздері білім алған жоғары оқу орнында оқуды жалғастырғысы келсе, тек қажетті бейінді пәндерден тест тапсыратынын айтып өтті. "Бұл өз кезегінде колледж бітіріп, жоғары оқу орындарына түсе алмай жүрген жастарға өте қажет. Себебі талапкерлер колледжде оқыған мамандығы бойынша алған білім нәтижесін және біліктілігін дәлелдейтін болады", - деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов. Оның пікірінше, ҰБТ-ның ұсынылып отырған жаңа форматы қоғамда қолдау тауып отыр.
Ал өз кезегінде сөз алған Дүниежүзілік банктің сарапшысы Әлия Бижанова Білім және ғылым министрлігінің сұранысымен Дүниежүзілік банктің 2014 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне тәуелсіз аудит жүргізілгенін хабарлады. Оның қорытындысы бойынша, қазіргі ҰБТ форматы валидтіліктің халықаралық стандартына сай емес. Сондықтан тестілеудің сұрақтарын жетілдіру, сараптау және баллдарды есептеу жүйесіне өзгерістер енгізу қажет етіледі екен. "Ұлттық деңгейде шешім шығару үшін ҰБТ-ның бірыңғай стандартын құрастыру мәселесінде тестілеу орталығының жұмысшыларының әлеуетін көтеру керек", - деді Бижанова.
Дүниежүзілік банктің сарапшысы Әлия Бижанова. © primeminister.kz
Еске салайық, осыған дейін Білім және ғылым министрлігінде ҰБТ-ның жаңа форматы таныстырылған болатын.
Показать комментарии
Читайте также