ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 10 шілде 2026 19:51
ҰҚТ-мен күрес және кадрларды даярлау: Қазақстан ІІМ ФБР-мен ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Полиция саммитінде сөз сөйлеп, АҚШ құқық қорғау органдары басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Пленарлық отырыстағы баяндамасында ІІМ басшысы Қазақстанда халықаралық қауіпсіздікті нығайту, полиция бітімгерлік қызметін дамыту, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ Сәденов құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, тәжірибе алмасу және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұрудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Саммит аясында министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруамен кездесті. Тараптар Қазақстанның БҰҰ бітімгерлік қызметіне қатысуын кеңейту, полиция қызметкерлерін даярлау, ішкі істер органдары қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Келіссөз қорытындысы бойынша осы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сонымен қатар ІІМ басшысы АҚШ Федералдық тергеу бюросымен (ФБР) ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Нью-Йорктегі ФБР кеңсесінің басшысы Джеймс Барнаклмен келіссөз барысында ұйымдасқан қылмыс пен киберқылмысқа қарсы күрес, цифрлық технологияларды дамыту және мамандар даярлау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ ІІМ делегациясы дағдарыстық жағдайларға ден қою кезінде ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін ФБР Бірлескен операциялар орталығында болды.
Сапар барысында қазақстандық тарап Нью-Йорк полиция департаменті Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Онда мегаполис полициясы күштерін басқару тәжірибесі, бейнебақылау жүйелерінің, цифрлық талдау құралдарының мүмкіндіктері және патрульдік бөлімшелерді нақты уақыт режимінде үйлестіру жұмысы көрсетілді.
БҰҰ-ның Полиция саммиті халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Саммит аясында Қазақстан ІІМ басшысы шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесуін өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу