ПОДЕЛИТЬСЯ
11 сәуір 2022 | 17:14
Ұлттық банк теңгенің нығаюы мен валюта нарығындағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамына әсер ететін негізгі факторлар, интервенциялар мен валюта нарығындағы жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамына әсер ететін негізгі факторлар, интервенциялар мен валюта нарығындағы жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурыздың ортасында теңгенің әлсіреуі
Молдабекова наурызда теңгенің айырбас бағамы сыртқы нарықтардағы құбылмалылықты көрсететін әлсіреу және нығаю бағытында қозғалыстарға ұшырағанын айтты.
"Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс және дамушы нарықтардың валюталары мен активтерінің жаһандық әлсіреуі теңгеге қысым жасады. Айдың ортасында биржада теңге бір долларға 512,17 теңгеге жетті", - деді ол.
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңге бағамының тұрақсыздандыратын ауытқуларына жол бермеу мақсатында валюта нарығын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды.
"9 наурызда Қазақстан қор биржасында доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық франкфурттық аукцион нысанында өткізілді. Жалпы алғанда, наурызда Ұлттық Банк 990,5 миллион АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізді. Ұлттық қордан бюджетке 891 миллион АҚШ доллары мөлшерінде трансферттерді жүзеге асыру үшін сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 миллион АҚШ доллары мөлшерінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуы теңгеге қолдау көрсетті", - деп қосты Әлия Молдабекова.
Сату және сатып алу ставкасының жаңа ауытқу шегі
Қолма-қол шетел валюталары нарығында нарықтық бағам белгілеуді ынталандыру үшін Ұлттық банк айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегін кеңейтті.
"2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылу мерзімімен АҚШ доллары үшін - 6 теңгеден 15 теңгеге дейін, еуро үшін - 7 теңгеден 20 теңгеге дейін кеңейтті", - деді Ұлттық банк басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында Қазақстаннан 10 мың доллар баламадан асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге шектеулер енгізілгенін еске салды.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде және геосаяси шиеленістің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарай теңге бағамы шығынның едәуір бөлігін қайтарды және бір айда 5,7 пайызға нығайып, айдың соңына қарай 467 болды", - деді Молдабекова.
Сәуір айының басынан бері теңге бағамы нығаюын жалғастырып, қазір экспорттаушылар тарапынан сатылым және халықтың шетел валютасына сұранысының төмендеуі аясында 449-450 деңгейінде саудаланып жатыр.
Қолма-қол доллар тапшылығымен күресу
Наурызда банк секторы қолма-қол валютаны, бірінші кезекте АҚШ долларын сатып алу мен логистикасы кезінде проблемаларға тап болды. Қолма-қол валютаның дағдарысы тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріне де әсер етті. Халық валютаны көптеп сатып алды және шоттардан алып қойды.
Біріншіден, біз банктерге өз қорымыздан банкноттарды күнделікті сатып отырдық. Тек наурызда ғана ЕДБ-ға шамамен 500 миллион АҚШ доллары мен 80 миллионға жуық еуро сатылды. Оларды кейін банктер өз бөлімшелері арқылы сатты.
Екіншіден, Ұлттық банк сатылыммен қатар шетелдік жетекші контрагенттермен және логистикалық компаниялармен қолма-қол ақшаны жеткізудің қосымша арналарын жолға қойды.
Үшіншіден, біз жеткізу мәселесін дербес шешуге мүмкіндігі жоқ банктерге кейіннен сату үшін банкноттарды сатып алу мен әкелуді дербес жүзеге асырдық. Наурызда жиынтығында 17 банк банкноттарды алуға бізге жүгінді.
Қазіргі жағдай бойынша көріп отырғанымыздай, қолма-қол долларға деген сұраныс көбінесе қанағаттандырылып, төмендеп келеді.
Болжамдар
РФ мен Украина арасындағы қақтығыс, сондай-ақ АҚШ пен ЕО тарапынан қолданылған теңдессіз санкциялық шаралар әлемдік сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін күшейтіп, екі бағытта қауіп төндіреді: әлемдік экономиканың баяулауы және инфляцияның одан әрі жеделдеуі. Бұл дамушы елдердің активтері мен валюталарының серпініне теріс әсер етуі мүмкін.
"Бұл жағдайда әлемдік экономикадағы құлдырау кезеңінің басталуы – инфляциялық процестердің тұрақтылығы және экономиканың төмен немесе тіпті теріс өсуі туралы қауіптену пайда болды", - дейді Молдабекова.
Осындай жағдайларда Ұлттық банкте тағы да әлемдік экономикада стагфляциялық кезеңнің басталуы - инфляциялық процестердің тұрақтылығы және экономикалық өсудің төмен немесе тіпті теріс болуы туралы қауіп пайда болды.
"Осы жылдың басында пандемия мен омикрон штамы әсерінің әлсіреуі бойынша күтулер экономикалық белсенділікті қалпына келтіру болжамына негізделген болса, онда санкциялық шектеулердің әсерін ескере отырып, осы бағалар төмендеу жағына қарай қайта қаралады", - деді ол.
Молдабекова АҚШ-тағы жоғары инфляция мен балансты қысқарту және мөлшерлемелерді тез арада арттыру түріндегі монетарлық саясатты күрт күшейту қажеттілігі аясында рецессия тәуекелдері өскенін айтты.
"Инвесторлар рецессияны бастаушылардың бірі болып табылатын кірістілік қисығының инверсиясын атап көрсетуде. Мысалы, 2019 жылдан бастап алғаш рет 2 жылдық МБҚ бойынша мөлшерлеме АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигациялары бойынша мөлшерлемеден асып түсті. Алайда, АҚШ ФРЖ зерттеуінде инверсия қисығы бойынша нарықтық белгілер қате болуы мүмкін деп болжанады", - деп толықтырды ол.
Нарықтардағы одан әрі жоғары құбылмалылық пен белгісіздік күту фонында Ұлттық банк болып жатқан оқиғаларды және олардың Қазақстанға әсерін онлайн режимінде бағалауды жалғастыруда және Қазақстанның қаржы нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауға дайын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также