Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне теріс ықпал ететін кедергіні атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы мұғалімдердің тамыз конференциясында айтты. Ақорданың баспасөз қызметі Twitter желісінде президенттің сөзінен үзінді жариялады.
"ҚР Президенті: Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі - ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің ескерілмеуі", - делінген Ақорда твитінде.
Сондай-ақ, Тоқаев Сапалы білімнің жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы екенін, "жеті түрлі ілім білетін" ұрпақ тәрбиелеу - бүгінгі күннің негізгі міндеті екеніне тоқталды.
"Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс", - дейді Тоқаев Ақорда жариялаған тағы бір твитте.
Айта кетейік, ұстаздардың биылғы алқалы жиынына алғаш рет Мемлекет басшысы қатысады. Жылда жер-жерден келетін мұғалімдердің саны 500 болса, биыл 2000-нан асады.