Алматыда үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты әлі де БАҚ назарында. Қаза болғандардың отбасылары ашық сот процесін және күдіктіге тағылған айыпты ауырлатуды талап етіп жатыр, толығырақ - Tengrinews.kz.
әл-Фараби даңғылындағы жол апатының құрбандары: жақындарының естеліктері
Қайғылы оқиғаның құрбандарының бірі - 22 жастағы К. Сәуір айында ол 23 жасқа толар еді.
"Ол өте белсенді болатын, бизнеспен айналысып, Түркия мен Қытайдан тауарларды өзі таситын. Отбасындағы жалғыз қыз еді. Біз 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін бірге оқыдық және 10 жылдан аса уақыттан бері байланыста болдық. 22 наурызда түсте оның туыстарының бірі сыныптастар чатына: "одан айырылып қалдық" деп жазды. Мен соңына дейін сенбедім, біреудің орынсыз қалжыңы шығар деп ойладым, өйткені оның Instagram парақшасында қайғылы оқиғадан небәрі бір сағат бұрын жазылған стористері тұрған еді", – дейді марқұмның құрбысы.
Оның айтуынша, көлікте К.-мен бірге Т. есімді бойжеткен және жүргізуші Е. болған.
"Құрбымның телефонынан туыстары Zeekr олардың көлігіне соғылған сәттің видеосын тауып алды. Жүргізуші басқа көлікті басып озбақ болып, рөлге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен болуы мүмкін. Видеоға қарағанда, жылдамдық өте жоғары болған. Сағатына 200 шақырымнан асады", – дейді марқұмның құрбысы.
Сондай-ақ марқұмның құрбысы К.-ның ата-анасы әлі де есеңгіреп жүргенін хабарлады.
"Жол апаты бір емес, бірден үш жастың өмірін қиды. Біздің ойымызша, үш адамның өмірі үшін 10 жыл жаза өте аз", – деп түйіндеді ол.
"Ашық сотты талап етеміз" - қаза болған жігіттің әпкесі
Mercedes тізгінінде болған марқұм Е.-нің отбасы сот процесінің барынша ашық өтуін талап етіп отыр.
"Біз ашық сотты, кінәлі адамның кім екенін ресми растауды және оның әрекетін қасақана жасалған деп тануды талап етеміз. Бұл оны немесе оның отбасын көпшіліктің талқысына салу үшін емес, желіде тарап жатқан жалған ақпаратты жоққа шығару үшін қажет. Бұл апатқа еш қатысы жоқ адамдарға жала жабқан пікірлер бірнеше рет жарияланды", - деді ол.
Zeekr жүргізушісіне қандай жаза берілуі мүмкін: адвокаттың пікірі
Қайтыс болған Е.-нің отбасының мүддесін сотта адвокат Олег Чернов қорғайтын болады. Ол бұл іске тегін (pro bono) негізде кіріскенін айтты.
"Біз жүргізуші А.-ның бұған дейінгі әрекеттерін тексеру үшін сұраныстар жолдаймыз. Бұл жылдамдықты асырудың жалғыз жағдайы ма, әлде бұрын да болған ба? Оған жүргізуші ретінде мінездеме беру үшін камераларға неше рет түскенін, жылдамдықты неше рет асырғанын анықтаймыз", – деді адвокат.
Жеңілдететін мән-жайлар және алкогольге сараптама
Мәлім болғандай, сот санкциясымен Zeekr автокөлігінің күдікті жүргізушісі қамауға алынды. Бұған дейін ІІМ апат кезінде оның жеңіл дәрежедегі мас күйде болғанын хабарлаған еді.
Соған қарамастан, адвокат мастық дәрежесі әлі нақты анықталмағанын, оның жеңіл дәрежеден жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.
"Ол жеңіл де, орташа да болуы мүмкін. Бұл көрсеткіштердің арасында промилле деңгейі бойынша өте нәзік шек бар. Нақты қорытындыны нәтижелерді алғаннан кейін жасауға болады", - деді ол.
Қаза болғандардың туыстары бапты ауырлатуды талап еткенімен, адвокат қолданыстағы заңнама аясында және мән-жайларды ескергенде бұл екіталай деп есептейді. Оның үстіне, заңгер кінәлі адам заңда қарастырылған ең жоғары 10 жылдық жазаны да алмауы мүмкін деп болжайды.
"Меніңше, сот кінәсін мойындау, кәмелетке толмаған балаларының болуы, тергеумен ынтымақтастық сияқты жазаны жеңілдететін мән-жайларды да ескеретін болады", – дейді адвокат.
Адвокат Олег Чернов барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп, дәлелдемелер жиналып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін іс сотқа берілетінін түсіндірді.
"Мұндай істерде бірқатар күрделі сараптамалар, соның ішінде сот-медициналық сараптама тағайындалады. Әдетте олар бір айға дейін созылады, бірақ мерзім ұзаруы да мүмкін. Барлық қажетті зерттеулер, соның ішінде біздің өтінішіміз бойынша тағайындалғандары да аяқталған соң, нәтижесін күтеміз. Сонымен қатар тергеу амалдары да жүргізіледі", - деді ол.
Сөз соңында ол жәбірленуші тараптың келісімімен ашық сот процесін талап ететінін баса айтты.