ПОДЕЛИТЬСЯ
04 қараша 2021 | 17:04
Вакцина алмағандарға жұмыс күндері де сауда орталығына кіруге тыйым салу ұсынылды
Қазақстанда вакцина алмаған тұрғындарға жұмыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтарына кіруге тыйым салу ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда вакцина алмаған тұрғындарға жұмыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтарына кіруге тыйым салу ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл норма қазір COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда талқыланып жатыр. Сауда орталығына жұмыс күндері тек Ashyq жүйесінде "жасыл" мәртебесі барларға, яғни екпе алғандарға ғана кіруге рұқсат беру ұсынылған.
"Бүгінде демалыс күндері сауда орталықтарына кіру тек "жасыл" мәртебесі бар адамдарға қарастырылған. Жақында ВАК отырысында бұл тәжірибені жұмыс күндері де қарастыру ұсынылды. Бүгінде осы мәселе талқыланып жатыр.
Бұл талап енгізілсе, кәсіпкерлерге де әсер ететінін жақсы түсінеміз. Өйткені сауда орталығында тек сауда нысандары ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тамақтану, мектепке дейінгі білім беру, ойын-сауық орындары да бар. Олардың кірісі мен айналымы да төмендеуі мүмкін. Сондықтан қазір бұл мәселе қызу талқыланып, пысықталып жатыр. Барлық шығынды есептеу керек: олар өз жұмысын қалай ұйымдастырады, бұл келушілер санының төмендеуіне әсер ете ме, жоқ па. Осы тармақтың бәрін талқылау қажет, содан кейін Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестермен бұл мәселе одан әрі пысықталады", - деді Лесбаева.
Айта кетейік, бұған дейін 28 тамыздан бастап Қазақстанда екпе алмағандарға демалыс күндері сауда және ойын-сауық орталығы мен басқа да бірқатар кәсіпкерлік нысанға кіруге тыйым салынған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также