Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұл форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты.
Президент Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800-ге жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр.
"Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бүгінгі іс-шара бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі мемлекет. Былтыр еліміздегі ішкі жалпы өнім көлемі 6,5 пайызға өсіп, 300 миллиард доллардан асты.
"Бұл ішкі нарықтың тұрақтылығы мен зор әлеуетін көрсетеді. Біз осы үрдісті күшейте түсуге ниеттіміз. Бүгінде Қазақстан білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндет. Өздеріңізге мәлім, наурыз айында елімізде жалпыхалықтық референдум өтті. Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Еліміздің бас құжаты инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Алайда шетелдік және отандық кәсіпкерлердің заңдарымызды бұзуға құқы жоқ. Конституцияға енгізілген "Заң мен тәртіп" қағидаты бойынша әр азамат заң алдында бірдей жауап береді", – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде атады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!