Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарын алу, жеткілікті шекті өзгерту және жалпы зейнетақы жүйесінің мақсаты туралы пікір білдірді. Бұл туралы ол Ұлттық банкте өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сүлейменовтің айтуынша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі ең алдымен азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қамтамасыз ету үшін құрылған.
"Зейнетақы жүйесі зейнетке шыққан кезде лайықты кәрілікті қамтамасыз етуге арналған. Бұл - оның басты міндеті. Жинақтаушы жүйенің мәні - жас, белсенді әрі денің сау кезде табысыңның бір бөлігін міндетті түрде жинау", - деді ол.
Ұлттық банк төрағасы міндетті зейнетақы жарналары тұрғын үй сатып алу немесе басқа да мақсаттарға арналған қаржы көзі емес, ұзақ мерзімді жинақ екенін атап өтті.
"Мұны кәрілікке арналған депозит ретінде қабылдау керек. Оны Отбасы банкінің алғашқы жарнасы немесе қандай да бір коммерциялық депозит ретінде қарастырмаған жөн. Сондықтан, жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі оны мерзімінен бұрын алуды қарастырмайды", - деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов.
Сондай-ақ ол зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі коронавирус пандемиясынан кейін пайда болғанын еске салды.
"Пандемиядан кейінгі кезең еді, індет кезінде айтарлықтай нашарлап кеткен халықтың әл-ауқатын көтеру қажет болды. Бір жарым жыл бойы адамдар жұмыссыз қалды, экономикаға да қосымша серпін керек еді. Сол кезде осындай шешім қабылданды", - деп еске салды Ұлттық банк басшысы.
Оның сөзінше, қазір экономика тұрақты өсім көрсетіп отыр, сондықтан зейнетақы жинақтарының бастапқы рөліне қайта оралу қажет.
"Кейінгі үш жылда экономика 5,5–5,6 пайыз деңгейінде өсіп жатыр, биыл да жаман емес. Сондықтан зейнетақы жинақтарының классикалық рөліне оралуымыз керек", - деді Сүлейменов.
Сонымен қатар журналистер Ұлттық банк басшысының өзі зейнетақы жинағының артық бөлігін алған-алмағанын сұрады. Алайда ол бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.
"Бұл туралы айтпай-ақ қойсам бола ма? Бұл менің жеке мәселеме қатысты", - деп жауап берді Сүлейменов.