Зейнетақы жинағынан ақша алу: жеткілікті шек жаңа формула бойынша есептеледі

Зейнетақы жинағынан ақша алу: жеткілікті шек жаңа формула бойынша есептеледі Фото:depositphotos.com

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін есептеу тәсілін өзгерту көзделіп отыр. Қазіргі әдістеменің орнына жаңа формула ұсынылды. Толығырақ Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін есептеу тәсілін өзгерту көзделіп отыр. Қазіргі әдістеменің орнына жаңа формула ұсынылды. Толығырақ Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

Қазір ең төменгі жеткілікті шек ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем, күнкөріс деңгейі және басқа да ағымдағы көрсеткіштерді ескере отырып есептеледі. Енді оның орнына актуарлық тәсілге көшу, яғни адамның жасын, күтілетін төлемдерді, кірістілік пен демографиялық деректерді есепке алу ұсынылып отыр.

Tengrinews.kz алдағы өзгерістерге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдады. Министрлік сұрақтардың бір бөлігін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) бағыттады. Жақында редакцияға олардың бірлескен жауабы келді.

Реклама
Реклама

Жауапқа сәйкес, қазіргі уақытта тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарын біржолғы зейнетақы төлемдеріне пайдалану қағидаларын өзгерту туралы Үкімет қаулысының жобасы қаралып жатыр. Құжатта ең төменгі жеткілікті шекті анықтау әдістемесін қайта қарау көзделген.

"Өзгерістердің мәні - адамның болашақ зейнетақысы үшін қалуы тиіс жинақтың ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттыру. Егер қазір шекті есептеу кезінде ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемі, күнкөріс деңгейі және басқа да ағымдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ескерілсе, жаңа модельде актуарлық тәсілге көшу ұсынылады", - делінген жауапта.

Қарапайым тілмен айтқанда, шекті көрсеткішті жаңа формула бойынша есептеу жоспарланып отыр: бұл ретте адамның жасы, болашақтағы күтілетін төлемдер, демографиялық деректер, кірістілік және индекстеу ескеріледі. Қаражатты алу мәселесін қарастыру кезінде шотта болашақ зейнетақы төлемдеріне жететін соманың қалу-қалмауы бағаланады.

Бұл ретте жауапта ықтимал қайта қараудың нақты параметрлері көрсетілмеген. Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ жаңа шекті деңгейлер бойынша шешімнің қашан қабылданатынын, олардың қаншалықты өсетінін және реформа бойынша түпкілікті шешімді қай мерзімде күту керектігін нақтыламады.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қайда жұмсады?

Сондай-ақ БЖЗҚ бұған дейін алынған зейнетақы жинақтары туралы ақпарат берді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қор біржолғы зейнетақы төлемдеріне 4 384 032 өтінімді орындаған.

Оның ішінде 3 293 834 өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған, оның сомасы шамамен 4 триллион 700 миллиард теңге болды. Тағы 985 миллиард 300 миллион теңге болатын 1 090 198 өтінім емделу ақысын төлеуге қатысты.

Жалпы алғанда, қазақстандықтар шамамен 5 триллион 680 миллиард теңге алды.

Соңғы бірнеше жыл бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға берілген өтінімдердің ең көп көлемі 2021 жылға тиесілі - сол кезде 2 468 085 өтінім орындалды. Ең азы 2023 жылы тіркелді - 108 504. 2026 жылдың алғашқы үш айында 105 189 өтінім бойынша 824 миллиард 360 миллион теңге сомасына төлем жасалды.

Қазақстандықтар емделуге ең көп қаражатты 2025 жылы алған - ол кезде 391 миллиард 733 миллион теңгеге 450 656 өтінім берілді. Емделуге ең аз қаражат 2023 жылы алынды - 75 891 өтінім бойынша 100 миллиард 386 миллион теңге.

Жинақтарды көбіне кімдер алды?

Зейнетақы жинақтарын көбінесе 40 пен 59 жас аралығындағы қазақстандықтар алған - барлығы 590 685 адам. Кейінгі кезекте 20 мен 39 жас аралығындағы топ тұр - 488 473 адам. Тағы 204 492 өтініш беруші 60 жас және одан асқандар.

Мән-жайы

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткілікті шекті қайта қарау мүмкіндігі туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде бұған дейін де айтылған болатын. Атап айтқанда, министр Асқарбек Ертаев соңғы 5 жылда қазақстандықтар шамамен 5 триллион теңге зейнетақы жинағын алғанын мәлімдеді. Сонымен қатар оның айтуынша, шамамен 1 триллион теңгені 20 мен 35 жас аралығындағы жастар алған.

Министрлік мұндай үрдіс тәсілдерді қайта қарауды талап етеді деп есептейді. Ертаевтың айтуынша, бүгінде зейнетақы жинақтары көбінесе қарызды өтеу мен емделуге жұмсалады, алайда мемлекет бұл қаражат бірінші кезекте болашақ зейнетақы үшін "жұмыс істеуі" керек деген ұстанымда.

Министр тағы бір мәселеге ерекше назар аударды: жұмыс істейтін 9,7 миллион қазақстандықтың 2,9 миллионға жуығы зейнетақы жарналарын аудармайды. Оның айтуынша, болашақта мұндай адамдар негізінен ең төменгі базалық зейнетақыға ғана иек арта алады, бұл жүйе үшін қосымша тәуекелдер тудырады.

Мәселені шешудің болжамды жолдарының бірі ретінде бірыңғай формула аталды, оған сәйкес азаматтарды көбірек зейнетақы жинағын сақтауға ынталандыру үшін ең төменгі жеткілікті шек жыл сайын өсіп отыруы мүмкін.

Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай артылған зейнетақыны есептеу әдістемесін өзгерту бойынша түпкілікті әлі қабылданбағанын нақтылады. Оның айтуынша, жеткілікті шекті қайта қарау тәсілдері тек талқыланған.

Сонымен қатар вице-министр 2026 жылы жеткілікті шек көтерілгенін, сондықтан биыл жаңадан өсім күтудің қажеті жоқтығын айтты. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске сәйкес, жаңа шекті мәндер БЖЗҚ сайтында жаңа күнтізбелік жыл басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын жарияланатынын еске салды.

Қазіргі шекті мәндер қандай?

2025 жылғы желтоқсанда БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткілікті шек жариялады. 20 жастағы қазақстандықтар үшін бұл көрсеткіш 3,72 миллион теңгеге, 30 жастағылар үшін - 5,12 миллион теңгеге, 40 жастағылар үшін - 6,72 миллион теңгеге жетті.

Шекті мәндер орта есеппен 10 пайыз көтеріліп, жас ерекшелігіне қарай 3,72-ден 10,7 миллион теңгеге дейінгі аралықта болды.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама