ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- Кеше 10:26
Зейнетақы реформасы: қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы барлық жинағын аудара алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен (БЖЗҚ) бірлесіп, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қорғаудың неғұрлым тиімді әрі ашық моделіне көшетінін хабарлайды, деп жазады Tengrinews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес, мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуын толықтай қамтамасыз етіп, оған кепілдік беретінін еске салды.
Әлеуметтік кодекстің 217-бабында: мемлекет алушыларға БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының іс жүзінде енгізілген сомалар мөлшерінде сақталуына кепілдік беретіні нақты бекітілген. Бұл норма заңмен кепілдендірілген күйінде қалады.
2027 жылдан бастап зейнетке шығатын салымшылар үшін инфляция бойынша айырманы біржолғы төлеуді қарастыратын бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылады. Ведомство ақпаратынша, бұл қадам зейнетақы жүйесін икемді, кәсіби және нақты ұзақ мерзімді кірістілікке бағытталған жүйеге айналдыратын жүйелі реформаларға байланысты қабылданып отыр.
Сондай-ақ 2026 жылдың қыркүйегінен бастап зейнетақы жинақтарын басқару ережелерін толық өзгертетін жаңа заң күшіне енеді. Негізгі өзгеріс – бұрынғы лимиттерді алып тастау.
Егер осыған дейін салымшылар жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) зейнетақы активтерінің 50 пайызынан аспайтын бөлігін ғана сенімгерлік басқаруға бере алса, енді бұл шектеу толығымен жойылады. Азаматтарға жинақтарының 100 пйызына дейін жеке басқарушы компанияларға беру құқығы ұсынылады. Осылайша, қазақстандықтар өз қаражатын басқаруда толық таңдау еркіндігіне ие болып, тәуекелі төмен немесе жоғары табысты инвестициялық стратегияны өз қалауынша таңдай алады", - деп түсіндірді Еңбекмині.
Мұндай жағдайда мемлекеттік бюджеттен инфляциялық тәуекелдерді автоматты түрде өтеу экономикалық логикасын жоғалтады: салық төлеушілердің мемлекеттік қаражаты жеке басқарушы компаниялардың жеке таңдауының нәтижелерін жаппауы тиіс, деп атап өтті ведомство. Бұл ретте ИПБ-лардың өздері қатаң қаржылық жауапкершілікте болады және теріс айырманы меншікті капиталы есебінен толтыруға міндетті. Олардың капиталының көлеміне (кемінде 1,9 миллиард теңге немесе 440 мың АЕК) және жұмыс тәжірибесіне қатаң талаптар қойылады.
Консервативті тәсілді қалайтын салымшылар үшін негізгі басқарушы ретінде Қазақстан Ұлттық банкі қала береді.
"2028 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар аясында Ұлттық Банкке зейнетақы активтерінің табыстылығын инфляция деңгейінен кемінде +1 пайыздық тармаққа арттыру міндеті жүктелген. Бұл ретте активтерді инвестициялау жоғары деңгейдегі әртараптандыру қағидаттарына сәйкес, сапалы шетелдік қаржы құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар валюталық активтердің үлесі кемінде 30 пайыз деңгейінде сақталады", - делінген таратылған хабарламада.
Еңбек министрлігі қолданыстағы зейнетақы жүйесін трансформациялау мәселелері бойынша жұмыс тобын құрған. Оның аясында сақтандыру құрамдасын енгізу, "4+1" моделі, еңбек өтілін 40 жылға дейін есепке алу, сондай-ақ Сингапурдың зейнетақы жүйесінің моделі сияқты түрлі тәсілдер қарастырылған.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты – азаматтарды еңбек өтілін ескеретін және жоғалған табысты Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес кемінде 40 пайыз деңгейінде алмастыруды қамтамасыз ететін БЖЗҚ-дан өмір бойғы үздіксіз төлемдермен қамту.
"Үкімет зейнетақы жүйесінің әлеуметтік сақтандыру құрамдасын қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Ол азаматтардың зейнетақы жинақтарының көлеміне тәуелсіз, бірақ олардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескеретін, БЖЗҚ-дан өмір бойғы тұрақты төлемдерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдік шеңберінде төленетін біржолғы өтемақының өзектілігі жойылады.", - деп хабарлады министрліктегілер.
Министрлік ақпаратынша, мемлекет қабылдап отырған барлық шаралар әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және ең бастысы – қазақстандықтардың ұзақ мерзімді әл-ауқатын қамтамасыз ететін сенімді, ашық әрі табысты зейнетақы жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстандағы зейнетақы реформасы
Маусым айының басында Еңбек министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзгерістер туралы мәлімдеген болатын. Кейінірек зейнетақы реформасы туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Үкімет пен Ұлттық банк тиісті тәсілдерді әзірлеп жатыр.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу