Мемлекет басшысы Түркия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат көрсетті.
"Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, Мемлекет басшысы былтыр Анкараға жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алды.
"Біз Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін Кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз", – деді Қазақстан Президенті.
Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.
"Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін", – деді Түркия Президенті.
Айта кетейік, бүгін Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия көшбасшысын өзі күтіп алды.
Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің истребителдері Түркия туын бейнелейтін қызыл және ақ түсті жолақтардан із тастап ұшты.
Тоқаев Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында қарсы алды: видео
15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті ұйымдастырылады. Жиында "Жасанды интеллект және цифрлық даму" тақырыбы талқыланбақ.
Еске салайық, 13 мамырда Түркия көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға жұбайы Эмине Ердоғанмен бірге келді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!