ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 21 шілде 2026 12:02
Никарагуа президенті елде бұдан былай сайлау өткізілмейтінін мәлімдеді
Никарагуа президенті Даниэль Ортега оппозицияның билікке келуіне жол бермеу үшін елде бұдан былай сайлау өткізілмейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі The Guardian мәліметіне сілтеме жасап.
Ортега не дейді?
2007 жылдан бері билікте отырған 80 жастағы Даниэль Ортега Сандинистік революцияның 47 жылдығына арналған салтанатты жиында осындай мәлімдеме жасады.
Анықтама: Сандинистік революция - Никарагуадағы қарулы көтеріліс, ол 1979 жылы 19 шілдеде Анастасио Сомоса Дебайленің көпжылдық диктатурасын құлатумен аяқталды. Жеңіске Сандинистік ұлттық азаттық майданы (FSLN) жетті, оның жетекшілерінің бірі Даниэль Ортега болды.
Оның айтуынша, билік парламентпен бірлесіп оппозицияға қарсы "қорған болатын" жаңа заңдар қабылдайды.
"Олар (оппозициялық партиялар) үкімет пен билікті басып алуға әрекеттенбеуі үшін мұнда бұдан былай сайлау өткізілмейді", - деді Ортега.
Сондай-ақ президент "қастандық жасаушылар мен сатқындарға тосқауыл" болатын заңдар қабылдауға уәде берді. Сонымен қатар ол 2027 жылға жоспарланған сайлаудың ресми түрде тоқтатылатынын немесе оппозицияның қатысуына жай ғана тыйым салынатынын нақтыламады.
Сарапшылар "отбасылық диктатураға" көшу туралы айтып жатыр
The Guardian басылымы мәліметінше, сарапшылар Ортеганың мәлімдемесін елдегі демократиялық институттарды жоюдың жаңа кезеңі деп бағалады. ACLED ұйымының Латын Америкасы бойынша аға сарапшысы Тициано Бреда бұл шешім арқылы Ортега мен оның жұбайы Росарио Мурильо "Никарагуаның толыққанды отбасылық диктатураға көшуін біржола бекітті" деп мәлімдеді. Оның пікірінше, билік тіпті шамалы саяси либерализацияның өзі олардың елдегі бақылауына қауіп төндіруі мүмкін деп қауіптенеді.
Никарагуада президент сайлауы 2027 жылы өтуі тиіс. Алайда 2021 жылдың өзінде-ақ билік бірқатар оппозициялық партиялардың қызметіне тыйым салып, Ортеганың негізгі қарсыластарын қамауға алған болатын.
Былтыр президенттік өкілеттік мерзімі бес жылдан алты жылға дейін ұзартылды, ал Ортеганың жұбайы Росарио Мурильо вице-президент мәртебесін алды.
Human Rights Watch деректері бойынша, елде 50-ге жуық саяси тұтқын қамауда отыр. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, университеттер мен БАҚ-тың жаппай жабылуы, сондай-ақ жүздеген адамның азаматтықтан айырылуы туралы хабарланып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Никарагуа билігі Италиямен дипломатиялық қарым-қатынасты үзетінін жариялады.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу