Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты маусымдағы шешімі қарсаңында кейбір екінші деңгейлі банктер ұзақ мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендете бастады. Қаржы сарапшылары жоғары пайызбен теңгедегі депозит ашқысы келетін қазақстандықтарға асығуға кеңес береді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Банктер алдын ала қамданып жатыр
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының соңғы есебіне сүйенсек, банк нарығында жаңа үрдіс байқалады. Ірі банктер 12 және 24 айға арналған ұзақ мерзімді жинақ депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді біртіндеп төмендетіп жатыр.
Мұның басты себебі – нарықтағы күтулер. 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Қазір бұл көрсеткіш 18 пайыз деңгейінде тұр. Сарапшылардың көбі жылдың екінші жартысында реттеуші ақша-кредит саясатын жұмсартып, мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деп болжайды.
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын жүргізудегі негізгі құралы. Ол банктердің қаражатты қандай пайызбен тартатынына әсер етеді. Соған қарай халық пен бизнеске берілетін несие мен депозит мөлшерлемелері де қалыптасады.
Банктер мұны жақсы түсінеді. Сондықтан олар болашақта нарықтағы табыстылық төмендеген кезде ұзақ мерзімді салымдар үшін жоғары пайыз төлемеу үшін алдын ала әрекет етіп жатыр.
Жоғары пайызды бекітіп қалуға уақыт аз
Қарапайым салымшылар үшін бұл бір нәрсені білдіреді: теңгедегі депозиттер бойынша өте жоғары табыстылық кезеңі аяқталуға жақын болуы мүмкін. Мамырдың соңы мен маусымның алғашқы аптасы жоғары пайызды бекітіп қалуға мүмкіндік беретін соңғы кезеңдердің бірі болуы ықтимал.
Егер ұзақ мерзімді жинақ депозитін қазір ашсаңыз, банк шартта көрсетілген жоғары пайызды бүкіл мерзім бойы төлеуге міндетті болады. Кейбір қаржы ұйымдарында мұндай салымдар бойынша мөлшерлеме әлі де жылдық 17,5-18,5 пайыз шамасында. Бұл шарт Ұлттық банк кейін базалық мөлшерлемені төмендетсе де, бір немесе екі жыл бойы сақталады.
Қазір Қазақстандағы жылдық инфляция 10,6 пайыз деңгейінде. Бұл бүгін ашылған ұзақ мерзімді депозит ақшаны құнсызданудан қорғап қана қоймай, шамамен 7-8 пайыз көлемінде нақты таза табыс әкелуі мүмкін деген сөз.
Ұзақ мерзімді салым таңдағанда нені ескеру керек?
Қор сарапшылары жоғары пайыз депозит таңдаудағы жалғыз өлшем болмауы керек екенін ескертеді. Шартқа қол қоймас бұрын бірнеше маңызды жайтқа назар аударған жөн.
Ең алдымен, депозиттің түрін анықтау керек. Ең жоғары табысты әдетте жинақ салымдары береді. Бірақ оның шарты қатаң: ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алсаңыз, жиналған пайыздан айырылуыңыз мүмкін. Ал қаражат керек болып қалатын жағдайды ойласаңыз, мерзімсіз салым ыңғайлырақ. Дегенмен ондағы мөлшерлеме төмендеу болады.
Екінші маңызды мәселе – толықтыру мүмкіндігі. Ұзақ мерзімді депозиттер қосымша ақша салуға болатын және болмайтын түрлерге бөлінеді. Әдетте толықтыру мүмкіндігі жоқ салымдардың пайызы жоғарырақ болады. Егер қолыңызда бірден салатын ірі сома болса, толықтырусыз депозит тиімді болуы мүмкін. Ал ай сайын жалақыдан ақша қосып отырғыңыз келсе, толықтыруға болатын салымды таңдаған дұрыс.
Үшінші мәселе – мемлекеттік кепілдік. ҚДКБҚ еске салғандай, ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша мемлекет бір банктегі 20 миллион теңгеге дейінгі қаражаттың қайтарылуына кепілдік береді. Ал өзге теңгелік депозиттер, соның ішінде ағымдағы шоттар мен карталар бойынша кепілдік сомасы 10 миллион теңгеге дейін. Егер жинағыңыз бұл шектен асса, қаражатты бірнеше банкке бөліп орналастырған жөн.
Бұған дейін Қазақстанда депозит нарығының өсіп жатқаны хабарланған еді. Халық салымдарының көлемі 28 триллион теңгеге жетіп, кейбір депозиттер бойынша мөлшерлеме жылдық 20 пайызға жуықтаған. Қазақстандықтар жинағын теңгеде көбірек сақтап, жоғары табыс үшін мерзімді салымдарға жиі таңдау жасай бастаған.