Бірыңғай QR-код: Ұлттық банк комиссияларға қатысты сынға жауап берді

Бірыңғай QR-код: Ұлттық банк комиссияларға қатысты сынға жауап берді Фото:depositphotos.com

Ұлттық банк бірыңғай банкаралық QR-код арқылы төлем жасау кезіндегі комиссияларға қатысты айтылған сынға жауап берді. Реттеушінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты ресми пікір таратты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

19 шілдеде Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылды. Ол сатып алушыға сатушының терминалы басқа банкке тиесілі болса да, өз банкінің қосымшасы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.

Сатып алушылар үшін мұндай төлемдер тегін. Комиссияны кәсіпкер төлейді. Бұл ретте Ұлттық банк мәліметінше, заң бойынша ол бизнес үшін өзге банктің картасымен төлем жасаған кезде ұсталатын комиссиядан жоғары болмауға тиіс.

Жарнама
Жарнама

"Осылайша, кәсіпкерлер Бірыңғай QR арқылы төлем қабылдағанда басқа кез келген банктің картасымен жасалған ұқсас транзакция құнынан артық шығын әкелмейтініне кепілдік беріледі", - деп мәлімдеді Ұлттық банктегілер.

Комиссия кімге кетеді?

Егер сатып алушы мен сатушыда бір банк көрсетілсе, тарифті банктің өзі белгілейді.

Түрлі банктер арасындағы төлем кезінде комиссия келесідей бөлінеді:

  • 1 пайызы сатып алушының банкіне кетеді. Бұл банкаралық комиссия немесе interchange. Банк бұл қаражаттың бір бөлігін клиенттерге кешбэк және бонустар ретінде қайтара алады;
  • қалған бөлігін қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдағаны және өңдегені үшін кәсіпкерге қызмет көрсетуші банк алады.

Алынған ақшадан банктер жүйеге техникалық қызмет көрсететін Ұлттық төлем корпорациясымен де есеп айырысады. Оның тарифі бірыңғай QR бойынша төлемнің 0,05 пайызы болады.

Телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударымдар үшін Ұлттық төлем корпорациясы комиссия алмайды.

Ұлттық банк тарифтерді төмендете ме?

Ұлттық банк коммерциялық банктер терминалдар, инфрақұрылым және төлемдерді өңдеуге кететін шығындарды ескере отырып, кәсіпкерлер үшін комиссияларды өз бетінше белгілейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, реттеуші банктердің тарифтік саясатын қадағалап отырғанын және қажет болған жағдайда бизнеске түсетін жүктемені азайту жолдарын қарастыратынын мәлімдеді.

Ұлттық банк кейінгі екі жылда картамен төлеу кезіндегі банкаралық комиссиялар шамамен екі есеге қысқарғанын еске салды:

  • жаппай қолданыстағы карталар бойынша - 1,8–2 пайыздан 1 пайызға дейін;
  • премиалды карталар бойынша - 2,4 пайыздан 1,2 пайызға дейін;
  • суперпремиалды карталар бойынша - 2,45 пайыздан 1,4 пайызға дейін.

Бірыңғай QR-дан бас тартуға бола ма?

Ұлттық банк бірыңғай QR төлем қабылдаудың міндетті әдісі болып табылмайтынын атап өтті.

Кәсіпкерлер қолма-қол ақшаны, банк карталарын және жекелеген банктердің QR-кодтары арқылы төлемдерді қабылдауды жалғастыра алады немесе банкаралық төлемдерді бір терминалға біріктіре алады.

"Бірыңғай QR-дың пайда болуы әдеттегі төлем әдістерін шектемейді, керісінше, оларды кеңейтіп, бизнес пен тұтынушыға еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді", - деп хабарлады Ұлттық банктегілер.

Келешекте осы жүйенің негізінде жаңа пайдалы мүмкіндіктер пайда бола бастайды. Олардың қатарында төлем жасау туралы сұрау жіберу, компаниялар мен мемлекеттік органдар арасында есеп айырысу, трансшекаралық операциялар және басқа да қызметтер бар.

Ұлттық банк мәліметінше, 17 шілдеден бастап жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген.

Дау неден туындады?

Бірыңғай QR іске қосылғаннан кейін GosRating платформасында петиция пайда болды. Оның авторлары банкаралық төлемдер кезіндегі комиссия 1,5 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін және шағын бизнеске қосымша жүктеме түсіретінін мәлімдеді.

Бастамашылар жиынтық комиссияны 0,5 пайыз деңгейіне дейін шектеуді ұсынды. Сондай-ақ олар микроқаржы ұйымдарына бақылауды күшейтуді талап етті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкаралық эквайринг үшін комиссия белгілемейтінін және бірыңғай QR жұмысын реттемейтінін айтып жауап берді. Бұл мәселелер Ұлттық банктің құзыретіне жатады.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама