ПОДЕЛИТЬСЯ
25 шілде 2022 | 15:23
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді
Қазақстанда базалық мөлшерлеме өсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда базалық мөлшерлеме өсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5 пайыз, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме - 13,5 пайыз болады", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайды.
"Бұл шешім 2023 жылы инфляциялық процестер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны орта мерзімді перспективада нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық процестердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді, бұл келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер етеді.
2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5 пайызға дейін жеделдеді. Барлық құрамдас бөліктер бойынша баға өсіп келеді - азық-түлік тауарлары (19,2 пайыз), азық-түлікке жатпайтын тауарлар (13,2 пайыз) және ақылы қызметтер (9,2 пайыз). Бұл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты шығасылар инфляциясының өсуі, сондай-ақ фискалдық ынталандырудан қолдау тапқан жоғары сұраныс пен теңге бағамының әлсіреуінен туындап отыр", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2022 жылдың басынан бері Ұлттық банк базалық мөлшерлемені үш рет көтерді. 24 қаңтарда - 9,75-тен 10,25 пайызға дейін, 24 ақпанда - жылдық 13,5 пайызға дейін, 25 сәуірде - жылдық 14 пайызға дейін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также