Денис Тен қарапайым әрі ашық адам еді - Димаш Құдайберген

16 Қараша, 17:50
0
© instagram.com/tenis_den/

Қазақстандық орындаушы Димаш Құдайберген биыл жазда Алматыда қайғылы жағдайда қайтыс болған Денис Тенмен бірге жоспарлаған шаралары жайлы бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Біз Дениспен бірге үлкен сахнада өнер көрсетеміз деп келістік. Бейжіңде не тағы басқа да жерлерде бір әнді орындайтын болғанбыз. Енді міне бұл әнді өзім жалғыз орындамақшымын", - деді Димаш Астанада Медениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесу барысында. 

Орындаушының айтуынша. ол Астанаға кеше, 15 қарашада ұшып келген. Келе салысымен Денис Тенді еске алу көрмесіне барды. 

"Көрмені ұйымдастырған адамдарға алғыс білдіргім келеді. Ешкімнің көзіне түспей өзім ғана бардым, ескіні еске алу үшін. Сіз оны спортшы ретінде танысаңыз, мен оны нағыз дос ретінде білетінмін. Біз бұрындары да таныс едік, алайда соңғы жылдары жақсы дос бола білдік", - дейді Димаш. 

Оның айтуынша, әншіні Денистің қарапайымдылығы қызықтырған. 

"Биікке жеткен адамдардың жұлдыз болғысы келетіні және соны көрсеткісі келетіндері бар. Денисте мұндай мүлде жоқ еді. Біз осыны былай әзілдейтінбіз: "Олимпиада жүлдегері бізбен бірге қарапайым асханаға барғаны қалай?". Бірге асханаға баратынбыз. Бұл дегеніңіз Денистің әрқашанда қарапайымдылықты биік ұстайтынын көрсетеді", - деді Димаш.  

Димаш Денистің арманы өз білгенін жас спортшыларға жеткізу екенін айтады. 

"Ол Қазақстан туын жоғарырақ көтеруге барын салатын жан еді. Мұндай адамдар көп те емес. Мәнерлеп сырғанау бойынша бұрын соңды қазақтарда мұндай жетістіктер болған емес. Қазақстандықтар шыға алмаған биіктікті бағындырды. Ол қазақтардың мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы болатынын дәлелдеді. Бұл үшін ол ұзақ дайындалып, қазақстандықтарғаөз тәжірибесін бергісі келді", - деді ол. 

Мұның алдында Лондонда 19 қарашада Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтетіні жайлы хабарланған болатын. Сатылған билеттерден түскен барлық қаражат Қазақстанның дарынды жастарын халықаралық беделді байқаулар мен концерттерге қатыстыруға қолдау көрсету үшін жұмсалады.