ПОДЕЛИТЬСЯ
28 маусым 2017 | 09:35
"Сіздердің Димаш!". Астанадағы "Бастау" концертіне 30 мың адам жиналды
"Майкл Джексонның концертіндегідей айғайлайық" - Димаш Құдайберген Астанадағы үлкен концертін осы сөзбен бастап, қазақ, орыс, қытай, ағылшын және өзге де тілдерде ән орындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Майкл Джексонның концертіндегідей айғайлайық" - Димаш Құдайберген Астанадағы үлкен концертін осы сөзбен бастап, қазақ, орыс, қытай, ағылшын және өзге де тілдерде ән орындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Астана" спорт кешенінің стадионында ең көп халық жиналған осы кеш шығар, жүргізушілердің сөзінше, мұнда 30 мың адам келген. Қазақстандықтар ғана емес, Астанадағы концертке Қытайдан, Италиядан, Ресейден, Украинадан, АҚШ-тан және Франциядан қонақтар көптеп келді. ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көрермендерге қызықты кеш тіледі.
Қазақстандық әншінің жанкүйерлері осыншалықты айшылық алыс жолдардан келген кезде де орындаушыны тағы бір сәт күтуге мәжбүр болды. Димашқа дейін сахнада КешYou тобы, Бастау дуэтінің домбырашылары, VOX ACAPELLA және "Алло" топтары өнер көрсетті.
Димаш Құдайберген сахнаға зор қошеметпен шығып, "Туған ел" әнін шырқады. Алтын түстес сахнаның экрандарында алтын бүркіт қанат жайып, алтын түстес киім киген қыздар қолдарына жолақ алып, би биледі. Шоуда фонтандар атқылап, қабырға болып түзілген су бетінде проекциялар ойнады.
Сахна үстінен акробат қыз арқанмен түсіп, түрлі композицияларын орындады. Әуедегі биіне Димаштың лирикалық әндері үйлесті.
Сахнаның екі жағындағы экрандар Димашты жақыннан көрсетіп, залдың ең соңғы қатарында тұрғандардың өзі оның бет-жүзін оңай көре алды. Бір қызығы, экрандар Димаштың өзі ән айтпай, сахнадағы серіктері орындап жатқанда да оны көрсетумен болды.
Ал сахнаға қарама-қарсы қабырғада ұйымдастырушылар үлкен экран қойып, қазақ әндерінің сөздері шығып отырды. Алайда көрермендер Димашпен қосылып ән орындау үшін артына қарай бұрылуы керек болды. Сүйікті әншісінен назарын ешкім де басқа жаққа бұрғысы келмеді, сондықтан орындаушымен оның әндерін жақсы білетін фанаттары ғана қосылып ән орындады.
"Майкл Джексонның концертіндегідей айғайлайық", - деп өтініш білдірген Димаш халықтың көңіл де көтеріп, әнін де шырқап, биін де билеп, тіпті сахна үстінде ілінген троспен ұшып та үлгеріп жатты. Майкл Джексонның аңызға айналған "ай жүрісін" қазақстандық орындаушы поп-музыка королінің Billie Jean әніне кавер орындағанда қайталады.
Димаштың өнер көрсетуі бес блокқа бөлінді, осы бес реттік үзілісте әнші бес костюм ауыстырды, оның ішінде Қытайда өткен I'm a Singer конкурсында киген қазақтың дәстүрлі киімінен заманауи жарқыраған және қара костюмдерге дейін болды. Әрқайсысы әншінің әніне лайық болды.
Димаш Құдайберген тыңдармандарын Құрманғазының "Адай" күйін жүз домбырашы орындағаннан кейін "Дайдидау" әнімен, кейін "Еркелетейін", "Қазақстаным", "Көркемiм" әндерімен қуантты. "Махаббат бер маған, Тағдыр" әнін орындау барысында сахна мен залды түнек басты, көптеген прожекторлар, экрандар сөніп, ал күн батқан еді. Димаш әнін бастағанда көрермендер ұялы телефон жарықтарып қосып, "Астана Арена" бір әнде құс жолына айналғандай болды.
Димаш уәде еткен дуэттерін сахнаға алып шықты - опера әншісі Майра Мұхамедқызымен "Аққуым" әнін, ал Кристина Орбакайтемен "Опять метель" композициясын орындады.
Шақыртылған жұлдыздар жеке де ән шырқады, мәселен Loreen белгілі Euphoria әнін орындады, Ұлыбританиядан келген Софи Эллис-Бекстор Heartbreak make me a dancer әнін, ал Кристина Орбакайте "Перелетная птица" әнін орындады. Олар ән айтып жатқанда Димаш киімін ауыстырып үлгеріп жатты. Ресейлік әнші өнер көрсеткеннен кейін көрермендерге ыстық ықыласы үшін алғыс айтып, қазақстандық орындаушыны "Сіздердің Димаш!" деп сахнаға қайта шақырды.
Жалпы Димаш сахнада екі сағаттай болды. Соңында әнші өкпесінде ауа қалмағанын мойындаса да, көңіл-күйі көтеріңкі болды.
Төрт сағатқа созылған концерт түн жарымында аяқталды.
© Тұрар Қазанғапов
Показать комментарии
Читайте также