Алматыға Қытайдың ең ірі тарихи және мәдени орталықтарының бірі саналатын Сиань қаласынан алғашқы туристік пойыз келді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі 24KZ мәліметіне сілтеме жасап.
Сиань-Алматы бағытындағы пойыз 29 мамырда жолға шыққан. Алғашқы жолаушылар қатарында мемлекеттік органдардың, ғылым, бизнес, медицина, мәдениет және спорт салаларының өкілдері болды. Делегацияны Сиань әкімінің орынбасары Сяо Ци бастап келді.
Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы бұл сапар екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және туризмді дамытуға бағытталғанын атап өтті.
"Мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени алмасу, мәдени құндылықтарды бөлісу. Сиань – Қытайдың ежелгі астанасы, Ұлы Жібек жолының бастауында орналасқан. Біз бұл пойызды – Жібек жолының заманауи түрін қайта жаңғырту деп санаймыз", – деді "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов.
Қытайлық қонақтарды Алматыда мерекелік атмосферамен қарсы алды. Алғашқы жолаушыларға арналған туристік бағдарлама әзірленген: бес күн ішінде олар көрмелерге, дәрістерге, спорттық матчтарға қатысып, елдің мәдени мұрасымен танысады.
"Бұл – менің Алматыға алғашқы сапарым. Қала да, халқы да ұнады. Алда бізді мазмұнды әрі пайдалы бағдарлама күтіп тұрғанына сенімдімін. Бұл – үлкен әріптестіктің бастамасы деп ойлаймын", – деді турист Цзинь Чу Бо.
Қазақстанда 2025 жыл – Қытай туризмінің жылы болып жарияланды. Халықаралық маршрут жобасы теміржол туризмін дамытуға және Қазақстанды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге бағытталған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!