№66"Астана – Жезқазған" бағытындағы пойызда сәби дүниеге келді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 27 мамырда таңертең болған. Жүктілігінің соңғы кезеңінде болған жолаушы Альвина Пернабаева сапар кезінде толғақ басталғанын сезіп, жолсеріктерден жедел көмек сұраған.
"Пойыз бастығы Киікбай Маханов пен вагон жолсерігі Алтынай Ғафиуллина шұғыл түрде әрекет етіп, босануға қолайлы жағдай жасау үшін қызметтік нұсқаулыққа сай барлық қажетті шараларды қабылдады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көмекке Сәтпаев қаласынан шыққан фельдшер мен балабақшада жұмыс істейтін жолаушылар да көмектескен. Пойыз бригадасы мен жолаушылардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде 06:20-де қыз бала дүниеге аман-есен келді.
"Жеңіс станциясына жедел жәрдем тобы алдын ала шақырылып, пойыз келген бетте ана мен жаңа туған сәби медициналық бақылауға алынды. Сәбидің әкесі Алихан Жаналин дер кезінде көмек көрсеткен барлық азаматқа шын жүректен алғыс білдірді. Ол сондай-ақ, дүниеге келген қызына Асылым есімі берілгенін қуана хабарлады".
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!