Көлік министрлігі салмағы мен көлемі белгіленген нормаларға сәйкес келген жағдайда, кейбір музыкалық аспаптарды ұшақ салонында қол жүгі ретінде тасымалдауға рұқсат беруді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Мән-жайы
Ведомство мәліметінше, Көлік министрлігі Инвестициялар және даму министрінің "Әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына түзетулер енгізіп жатыр.
Шешім қазақстандықтардан түскен көптеген өтініштерді ескере отырып қабылданған. Енді музыкалық аспаптар салмағы мен габариттері бойынша талаптарға сай келсе, оларды ұшақ салонына алып кіруге болады деп күтіледі.
"Нормативтік деңгейде алғаш рет жолаушылардың әуе кемесінің салонында музыкалық аспаптарды, соның ішінде көлемі 110×35×30 сантиметрден және салмағы 10 келіден аспайтын домбыра мен қобызды қаптамасымен қол жүгі ретінде тасымалдау құқығы бекітіледі", - деді Азаматтық авиация комитеті (ААК).
Түзетулерге сәйкес, егер жолаушы тек музыкалық аспапты, мысалы домбыраны ғана тасымалдаса, оны салонға қол жүгі ретінде тегін алып өтуге болады.
"Музыкалық аспапты қол жүгінің қосымша бірлігі ретінде тасымалдаған жағдайда – нормадан тыс тасымал әуекомпаниялардың қолданыстағы ережелеріне сәйкес төленуі тиіс", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
ААК бұл түзетулерді қабылдау жолаушылардың құқығын қорғауға және әуе тасымалында музыкалық аспаптарды тасымалдау ережелерін жетілдіруге бағытталғанын айтады.
Түзетулер 2026 жылғы мамырдың аяғына дейін қабыдануы мүмкін.