ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- Кеше 17:26
Доллар бір аптада 14 теңгеге арзандады: сарапшы себебін атады
Теңге өткен аптада 26 маусымнан бастап долларға шаққанда күрт нығайып, кейінгі айдағы үрдісті жалғастырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл жағдай Ұлттық банк саясатының жұмсаруы мен нарықтағы мөлшерлемелердің төмендеуі, сондай-ақ әлемдік мұнай бағасының арзандауы аясында болып отыр.
Ұзақ мерзімде теңгенің нығаюы айқын байқалады
KASE күндізгі сессиясының қорытындысы бойынша доллар 472,03 теңге деңгейінде тұрақталды, тіпті сауда-саттық кезінде америкалық валюта бағамы 470,06 теңгеге дейін төмендеді. 26 маусымдағы сауда жабылар сәтте доллар 485,7 теңге болған еді. Осылайша, бір апта ішінде ұлттық валюта 13,67 теңгеге немесе 2,7 пайыз нығайды.
Ұзақ мерзімді перспективада теңгенің нығаюы бұдан да айқын көрінеді. Кейінгі рет доллар 500 теңгеден жоғары деңгейде ақпанның соңында болған еді. Содан бері америкалық валюта 13,9 пайыз арзандады. Сарапшылар бұл процесті қор нарығына резидент еместер инвестициясының келуімен (мұны статистика мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те растады), сондай-ақ Ұлттық банктің алтын операцияларын айналау аясындағы валюта сату көлемінің көптігімен байланыстырды. Бұл туралы толығырақ материалдан оқыңыз.
Теңгенің қазіргі нығаю кезеңі, логика бойынша бұған ықпал етпеуі тиіс жағдайларда болып отыр. Маусымның басында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18-ден 17 пайызға дейін төмендетті, бұл теориялық тұрғыда қазақстандық қор нарығының шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын азайтуы керек еді. Сондай-ақ мамырдың ортасынан бастап әлемдік мұнай бағасы төмендеп жатыр. Осы уақыт ішінде Лондонның ICE биржасында шикізат 29,8 пайыз арзандады.
Базалық мөлшерлеме инвесторлар үшін әлі де тартымды
Қаржыгер Арман Бейсембаев бұл екі фактордың іс жүзінде теңгенің нығаюына кедергі болмауы тиіс екенін түсіндірді. Базалық мөлшерлеме жақында төмендетілгеніне қарамастан, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр, бұл халықаралық инвесторларды қызықтырады.
"Жоғары базалық мөлшерлеме инвесторларды ынталандырады, өйткені теңгеге қаржы салу әлі де тиімді. Мөлшерлемелер арасындағы айырмашылық (басқа елдермен салыстырғанда - ред. еск.) әлі де тиімді деңгейде. Біздің нарықта "ыстық ақша" әлі де айналымда жүр", - дейді Бейсембаев.
Теңге бағамына нақты не әсер етеді?
Айта кетейік, 1 шілдеде Ұлттық банк Ұлттық қордан жасалатын трансферттерді "айналау" үшін маусымнан бастап қолданып жатқан жаңа тетік туралы хабарлады. Оның мәні - реттеуші ішкі нарықта Ұлттық қордан шетел валютасының қосымша көлемін сатады. Маусымда трансфертті жүзеге асыру үшін 200 миллион доллар сатылды. Ұлттық банк жыл соңына дейін тағы 460 миллион долларды біртіндеп сатуды жоспарлап отыр. Бұл соманың қанша бөлігі маусымда сатылғаны айтылмады, бірақ Бейсембаев атап өткендей, валютаның қосымша ұсынысы теңге бағамына оң әсер етуі тиіс еді.
"Ұлттық қордан келетін транштар шетел валютасының ұсынысы ретінде теңге бағамының қосымша нығаюына ықпал етеді - бұл біздің ішкі факторымыз. Бұл мұнай бағасына, инфляцияға немесе базалық мөлшерлемеге байланысты емес. Бұл бюджетті толықтыру үшін Ұлттық қордан бөлінетін транштар. Олардың жеке фактор ретінде өз маңызы бар. Бәлкім, Қаржы министрлігі жүргізіп жатқан қандай да бір операциялар бар шығар, бұл да маңызды. Сондай-ақ экспорттаушылардың ішкі нарықта валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сатуын да ұмытпаңыз. Осы факторлардың барлығын біріктіргенде, бұл сыртқы жағдайларға мүлдем қатысы жоқ таза ішкі жағдай болып шығады. Мұндай жағдайда бағам кез келген деңгейде болуы мүмкін. Сіз оны инфляцияға да, базалық мөлшерлемеге де, мұнай бағасының жай-күйіне де байлай алмайсыз", - деп атап өтті Бейсембаев.
Мұнайдың қатысы жоқ па?
Мұнай құны валюта нарығына кешігіп әсер етеді, деп жалғастырды сарапшы. Кейінгі апталарда ғана экспорттаушылар АҚШ пен Иран арасындағы текетіреске байланысты наурызда көтерілген бағадан қосымша түсім ала бастады және оны ішкі нарықта сатуға көшті.
"Былтырғы қазанда мұнай бағасы барреліне 60-70 доллар шамасында болды. Теңге бағамы 550-ге жуықтаған еді. Қазір мұнай қайтадан сол деңгейге, 70-тен сәл жоғары мәнге оралды. Бірақ жақын арада, бәлкім, келесі аптада баға 70-тен төмен түсуі мүмкін деген қауіп бар, ал бағам 550 емес, 470 болып тұр. Мұны қалай түсіндіресіз? Демек, мұнай бағасына ешқандай тәуелділік жоқ. Сонымен қатар салық төлеу керек қой. Ол үшін де сіз валюталық түсімді әкеліп, ішкі нарықта сатасыз, бюджетке төлеу үшін теңгеге айырбастайсыз. Міне - факторлар. Олардың бәрін тізіп шықсаңыз, тек ішкі себептер екенін көресіз", - деп түйіндеді Бейсембаев.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамы қайтадан күрт көтерілуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берген болатын. Оның айтуынша, реттеуші әзірге бұған ешқандай себеп көріп тұрған жоқ. Ол нарықтың барлық қатысушысы макроэкономикалық тұрақтылық пен сапалы өсімді көріп отырғанын, сондықтан осының аясында теңге өзін нық ұстап тұрғанын атап өтті.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу