ПОДЕЛИТЬСЯ
Кеше | 16:13
Доллар қымбаттады: жаңа шектеулер туралы не білесіз?
Кейбір қалаларда доллар бағасы 530 теңгеге жетті. Мұндай жағдайда шетелге ақша әкету оқиғалары көбеюі мүмкін бе? Қазақстандықтар шетелге қолма-қол ақша алып шығу тәртібіне енгізілген жаңа өзгерістерді ескеріп, қандай ережелерді сақтау керектігін білуі тиіс.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Кейбір қалаларда доллар бағасы 530 теңгеге жетті. Мұндай жағдайда шетелге ақша әкету оқиғалары көбеюі мүмкін бе? Қазақстандықтар шетелге қолма-қол ақша алып шығу тәртібіне енгізілген жаңа өзгерістерді ескеріп, қандай ережелерді сақтау керектігін білуі тиіс.
Tengrinews.kz тілшісі осы мәселелер бойынша Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Алтынкөл-жол" кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметовпен сұхбаттасты.
Жаңа өзгеріс: азаматтар не білуі керек?
Бұрын шетелге шыққан азаматтар шекарадан 10 мың доллардан көп ақша алып өтетін болса, бұл соманы декларациялау жеткілікті болатын. Осылайша, шетелге валюта әкету заңды деп есептелетін, ешқандай шектеу қойылмайтын.
Бекен Нұрахметовтің айтуынша, соңғы 2,5 жылда бұл тәртіпке елеулі өзгерістер, қатаң шектеулер енгізілді. 2022 жылғы 14 наурыздағы Президенттің "Қазақстан Республикасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы" Жарлығына сәйкес, шетелге қолма-қол ақша алып шығу көлемі 10 мың доллардан аспауы керек (Ұлттық банктің сол күнгі бағамы бойынша).
"Алып өтетін ақшаңыз 10 мың доллардан асып тұрса, бұл жөнінде кеден органының қызметкеріне ауызша айтуыңыз немесе жазбаша жазып қалдыруыңыз керек. Кеден қызметкерлері артық ақшаны заң бұзу емес деп кері қайтаруға немесе уақытша сақтау үшін қалдыруға мүмкіндік береді", - деді ол.
Қай жағдай контрабанда деп саналады?
Енді азамат шекарадан 10 мың доллардан астам соманы жасырып өткізуге тырысса немесе декларация толтырмаса, бұл әрекет кеден ережесін бұзу деп саналады.
Негізгі ережелерді бұзудың түрлері:
- Декларацияламау немесе толық емес декларация жасау (Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 551-бабы).
- 10 мың айлық есептік көрсеткіштен (36 920 000 теңге) асатын соманы жасырын өткізу жағдайлары экономикалық контрабанда ретінде қаралады (Қылмыстық кодекстің 234-бабы).
"2024 жылы 5 шілдеде "Қазақстан Республикасында Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң негізінде Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 551-бабына біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін шекарадан 10 мың доллардан артық ақша алып өтіп бара жатқан кезде ұсталса, азаматқа 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынып, артық ақшаны кері қайтарып алуға құқығы болатын. Енді мұндай істерді кеден органы емес, сот қарайды", - деп түсіндірді Бекен Нұрахметов.
Ережені ескермесеңіз, екі есе шығынға батасыз
Бекен Нұрахметов жаңа өзгерістер қалай жұмыс істейтінін нақты мысал арқылы түсіндірді.
"Азамат кеден шекарасынан жасырын түрде 20 мың доллар алып өтіп бара жатқан сәтте ұсталды делік. Бұл жерде 20 мың доллардың 10 мыңы заңсыз болып есептеледі. Себебі нормадан асып кеткен. Мұндай жағдайда іс сотқа жіберіледі", - дейді МКД өкілі.
Сот шешімі қандай болуы мүмкін?
"Заңсыз ақша алып кетпек болған азаматқа тәркіленген валютаның теңгеге шаққанда 25 пайызындай айыппұл салынады (2500 доллар). Бұл сол күнгі Ұлттық банктің валюта бағамы бойынша есептеледі. Соттың шешімімен артық 10 мың доллар да түгелдей тәркіленеді. Нәтижесінде 12 500 доллар көлемінде шығынға батасыз. Сондықтан мұндай шектеулерді қаперде ұстаған абзал", - деп ескертті ол.
Елге валюта әкелуге шектеу жоқ
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілінің сөзінше, Қазақстанға валюта әкелуге ешқандай шектеу жоқ. Шетелден келген кез келген азамат, резидент немесе резидент емес, шексіз көлемде қолма-қол ақша әкелуге құқылы.
"Елге валютаның көптеп келуі инвестициялық климатқа және туризм кластеріне жақсы әсер етеді. Шетелден алып келген валюта көлемі белгіленген мөлшерден көп болса, жазбаша түрде кедендік жолаушылар декларациясында мәлімдеп, кеден органында тіркеткен абзал. Бұл мәліметтер кедендік статистика талаптары бойынша елімізге келіп жатқан валюта жөніндегі ақпараттарды дұрыс саралауға мүмкіндік береді және жеке тұлғалар мен басқа да бизнес өкілдері үшін қолдағы валютаның заңдылығын дәлелдейтін заңды құжат ретінде танылады", - деп түйіндеді МКД өкілі.
Ресми деректер: заңсыздық азайған жоқ
Деректерге сүйенсек, заңға енгізілген қатаң шектеулерге қарамастан, заңсыз әрекеттер саны азайған жоқ. 2024 жылғы он бір айда шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы (МЦПС) "Қорғас" кеден бекетінде шетелге заңсыз валюта алып өту бойынша 166 дерек тіркелді. Нәтижесінде $ 3 млн-нан артық сома ұсталды. Оның ішінде 1 690 642 доллары белгіленген нормадан артық.
Показать комментарии
Читайте также